Түркістан қаласында жалға берілген тұрғын үйлердің ванналары қауіпті болып тұр. Жергілікті тұрғындар шомылатын шойынның астынан электр тізбегінің бір ұшын жерге жіберетін сым өткен дейді. Алайда, қуатты қауіпсіз ететін желі, керісінше, қорқынышты күшейтіп, ваннаға түсуге сескенетіндерін айтады. Сондай-ақ, тұрғындар шойын ваннада шомылып жатқан егде жастағы әйелді электр тогы соғып, қайтыс болған дейді.
Түркістан қаласындағы Отырар шағынауданында жаңа пәтерге кірген тұрғындардың уайымы басым. Жалға болса да, жаңа баспанаға қолымыз жетті дегенде, оның ваннасынан адам айтса нанғысыз қауіп шықты дейді.
«Мына 18 үйде бір әйел доққа түсіп өліпті ваннада деп естідік. Оны осындай сымнан кетіпті деп ортада қыздар айтқаннан кейін біз қорықтық. Сосын қоңырау шалдық жан-жаққа. 109 бар, басқасы бар, бәріне звондадық. 3 күнен кейін электриктер келді үйге. Сосын біз қарама-қарсы көрші екеуміз, қидырып тастапты», — дейді қала тұрғыны Балайым Махамбетәлиева.
Бір ай бұрын болған жантүршігерлік оқиғадан кейін, тұрғындар ваннаның астындағы сым желісін жаппай алдырып тастауға бел буыпты. Бірақ шақыртқан мамандар оның қауіпсіз екенін айтқан екен. Дегенмен, тұрғындар қауіпсіздендіретін жерлендіру сымын неліктен шомылатын шойын ыдыстың астынан тартқанын түсінбей әлек.
Тұрсынай Әлімбекова, тұрғын: «Әрине, қорқамыз енді. Мен қазір мысалы балаларымды түсірмеймін мысалы ваннаға. Өйткені қазір мынаны естігеннен кейін вообще жолатпаймын қазір. Алдырғанша болмайды деп айтып жатырмын».
3 жыл бұрын 5 қабатты 36 тұрғын үйді елдің игілігіне тартқан құрылыс бөлімі оны талапқа сай деп, мемлекеттік қабылдаудан өткізіпті. Ваннада жуынып жатып, токқа түсіп, жан тәсілім еткен әйел туралы мамандар да хабардар болып шықты. Оған қоса, тұрғындардан түскен шағымды да білетін көрінеді.
Алмас Байжанов, Түркістан қаласы құрылыс бөлімі басшысының орынбасары:
«Одан ток жүрмейді. Жаңағыдай қашқан уақытта токтар қашады ғой, әртүрлі тұйықталу болады. Сол кезде судан ток келетін жағдайда, ваннаға түскен ток әрі қарай тартып кету үшін жасалған. Енді ол ток әрі қарай кетпейтін болса, ваннада ішіндегі қолданатын адамға қауіп төндіруі мүмкін».
Дегенмен, мамандар бұл жағдайды жіті тексеріп, арнайы сараптама тағайындаймыз дейді. Ал шомылатын шойынның астындағы сымнан үрейленген жұрт жауаптылар желіні басқаша жүргізбейінше, жуыну бөлмесіне аяқ баспаймыз деп отыр.
Гүлдана Дәурен