Үкімет: Шымкент 7 айдың қорытындысы бойынша үздіктер қатарында

152

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов жеті айдағы Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына баға берді. Жеті айдың қорытындысында Қарағанды мен Солтүстік Қазақстан облыстарында және Шымкент қаласында барлық көрсеткіштер бойынша оң динамика қалыптасқан. Сонымен қатар үкімет отырысында жаңа оқу жылына қатысты мәселелер де пысықталды.

Жеті айдың қорытындысы бойынша жалпы ішкі өнімнің өсімі 3,3%-ке жетті. Ел экономикасының өсуіне негізінен нақты секторлар үлес қосып отыр. Мәселен, өңдеу өнеркәсібі саласында тамақ өнімдерін өндіру шамамен 3 пайызға , жеңіл өнеркәсіпте өсім 5 пайыздан жоғары болды. Химия өнеркәсібінде 11%-ға жуық, мұнай өңдеуде 4%, машина жасау өнімдерін шығаруда 8%-ға жуық өсім тіркелген.
Әлібек Қуантыров, ҚР Ұлттық экономика министрі: «Құрылыс саласында жеті айдың қорытындысында Қарағанды мен Солтүстік Қазақстан облыстарында және Шымкент қаласында барлық көрсеткіштер бойынша оң динамика қалыптасқан».

Биыл ел бойынша 7,7 млн. шаршы метр баспана салынды. Көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда 0,8 пайызға төмен. Тұрғын үйді пайдалануға беру көлемі бойынша Ең жоғары көрсеткіш Түркістан, Павлодар мен Шымкент қаласының еншісінде. Ең төменгі көрсеткішті Нұр Сұлтан, Жетісу. Атырау, Алматы қаласы мен Маңғыстау мен Ұлытау аймағы көрсеткен.

Әлихан Смайлов, ҚР Премьер-Министрі: «Барлық көрсеткіштер бойынша оң өсу 3 өңірде – Шымкент қаласы, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстарында. Жауапты мемлекеттік органдар мен өңір әкімдіктері жұмысты жандандырып, мақсатты макроэкономикалық көрсеткіштерді қамтамасыз етуі керек. Өсу динамикасын сақтап тұру үшін экономиканы одан әрі әртараптандыру, инвестициялық жобаларды іске асырып, жұмыс орындарын құруды күшейтіп, жалғастыру қажет».
Шілде айының қорытындысы бойынша елдегі жылдық инфляция 15% -ға жеткенін мәлімдеген үкімет басшысы өткен аптада монополияға қарсы агенттікке қанттың қымбаттауы мен тапшылығына қатысы болуы мүмкін компания жұмысын тексеруге тапсырма бергенін айтты. Бұл проблеманың көтерілгеніне біраз болды. Сондықтан, мұндай жағдайды жауапты органдар ертерек анықтап, алдын алу керек.Инфляцияны тежеу үшін қажетті құралдар бар. Мемлекеттік органдар мен әкімдіктер оларды тиімді пайдалануы тиіс деді премьер -министр.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі: «Делдалдық схемаларды тексеру комиссияларының жұмысын жандандырып, әлеуметтік маңызы бар азық-түлікке баға үстемесінің 15% мөлшерінде болуын ерекше бақылауда ұстау керек. Сондай-ақ, әкімдіктер ауыл шаруашылығы өнімдерін форвардтық сатып алу үшін келісім-шарттардың уақытылы жасалуына да бақылауды күшейтуі керек».

Жиында дизельдік отынға қатысты өңірлерде туындаған проблема үкімет басшысының назарынан тыс қалмады.Сондай-ақ үкімет отырысында жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары пысықталды. Үкімет басшысы оқушылардың қауіпсіздігін, тасымалы мен оқулықпен қамтамасыз ету мәселесіне аса көңіл бөлу қажеттігін айтты.

Шынар Оразова