Экономика өсімі жеделдейді

22

2022 жылдың қорытындысы бойынша жалпы ішкі өнімнің өсімі 2,5-3,5 пайыз болады. Бұл туралы ҚР Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов мәлімдеді.

«Биылғы жылғы 7 айда жалпы ішкі өнімнің өсуі 3,3%-ды құрады. Қашағандағы жөндеу жұмыстарының және Каспий құбыр консорциумындағы өндірістік процестерде сақталып отырған іркілістердің салдарынан елдегі мұнай өндірісінің қысқаруы нәтижесінде экономика өсімінің баяулауы байқалып отыр. Экономиканың өсуіне өңдеу өнеркәсібі, сауда, құрылыс және көлік салалары оң үлес қосты», – деді Ғалымжан Пірматов елордада өткен баспасөз мәслихатында.

Айтуынша, жалпы ішкі өнімнің өсуіне негізгі қозғаушы күш ретінде құрылыс саласы серпін беріп отыр.Оның сөзіне қарағанда, 2023-2024 жылдары мұнай өндірудің ұлғаюы нәтижесінде экспорт көлемі артып, экономика өсімі жеделдейді. 2023 жылы жалпы ішкі өнімнің өсуі 4-5% деңгейінде бағаланып отыр. Ал 2024 жылы ЖІӨ өсімі осындай деңгейде сақталуы мүмкін.