Әлеуметтік желіде жан ұшыра айқайлаған жас әйелдің видеосы тарап кетті. Бұл оқиға Шымкент қаласының төртінші шағынауданында орын алған.
Түн ортасында айқайды естіген бойда көршілері көмекке жүгірген. Олар қызды алдымен жерде сүйреп, бірнеше рет ұрып, қинап көлікке салып алып кеткенін айтады. Куәгерлер оқиға орнында полицияға шағым түсірген. Ал Құқық қорғау органдары мұның отбасылық жанжал екенін айтады.
Шымкент қаласы бойынша ПД баспасөз қызметі: «Полиция қызметкерлері істі толық тексерді. Нәтижесінде ерлі-зайыптылардың арасында жанжал туындағаны анықталды. 102 номеріне ұрлау фактісі туралы хабарламалар болған жоқ. Сондай-ақ ерлі-зайыптылар тарапынан арыз түспеді. Видеода көрсетілген азаматтармен профилактикалық әңгіме жүргізіліп, орын алған отбасылық жанжалға байланысты қорғау нұсқамасы берілді».
Еске салайық, жарты жыл бұрын шымкенттіктер көшеде әйелін ұрып-соққан азаматты видеоға түсіріп алған еді. Ол әйел де күйеуіне қарсы арыз беруден бас тартқан болатын.