Шымкентте 12 мыңнан астам дана заңсыз ішімдік жойылды

39

Заңсыздыққа жол жоқ! Шымкентте заңсыз арақ-шарап өндіріп, сатумен айналысқан екі азамат жауапкершлікке тартылды. Бірі айыппұл арқаласа, енді біріне 1 жыл бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалды. Тәркіленген ішімдік толығымен техникамен тапталып, көзі жойылды.

Шымкентте 12 мыңнан астам шөлмек арақ-шарап жойылды. Тәркіленген ішімдік арнайы тегеуірінді техникаға тиеліп, қоқысқа төгілді. Ал заңсыз сауда айналымымен айналысқан қос азамат жауапкершлікке тартылды.

Мейрам Мұқтаров, Шымкент қаласы Әділет департаментінің бөлім басшысы:
«Әкімшілік соттың 2022 жылғы сот қаулысына сай Н. есімді азамат Тараз мөлтекауданында заңсыз, мем кірістер басқармасының рұқсатынсыз, яғни лицензиясыз алкаголь өнімдерін сауда-саттыққа шығару жолдарымен айналысқан».

Аталған азаматқа 150 мыңнан аса айыппұл салынды. Ал ҚР ҚК 233 бабы, 1 бөлігімен «кінәлі» деп танылған тұрғынға 1 жыл бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалды. Ол бұған дейін арақ-шарап жасаумен айналысып келген.

Жалпы жыл басынан бері заңсыз арақ-шарап саудасымен айналысқан 9 цех анықталған. Жауаптылар барлық тауар тәркіленіп, толығымен жойылғанын жеткізді.

Әділ Мұғалов, Шымкент қаласы экономикалық тергеп-тексеру департаменті, басқарма басшысының орынбасары: «Жыл басынан бері Шымкент қаласы бойынша тергеп-тексеру департаменті 9 цехты анықтады. Анықталған факті бойынша ҚР ҚК 233 бабы, 2 бөлігімен қылмыстық іс қозғалған. Барлық заттай айғақтар тергеушілердің анықтауымен, соттың шешімі бойынша жойылды. Және заңсыз әрекетпен айналысқан азаматтар жауапкершілікке тартылды. Шымкент тұрғындарына заңсыз тауар шығарумен айналысқан жағдайда заңды жаза қарастырылғанын ескертеміз».

Қалалық экономикалық тергеп-тексеру департаменті алдағы уақытта жедел іздестіру жұмыстарын тоқтатпайды. Заңсыз тауар сатумен айналысқан азаматтар тиісті жауапқа тартылатын болады, дейді мамандар.