Úı ANONS Жаңа ереже

Жаңа ереже

Теріскей жұрты жылу жүйесіндегі ақаулардан тоңып жүрсе, Нұрсәт шағын ауданындағы №41 үйдің тұрғындары бұл мәселені өздері шешуге кіріскен. Олар үйдің басқаруын өз қолдарына алып, жөндеу жұмыстарын ұйымдастырып алған. Осылайша олар жылудың берілуін бақылап және қаражаттың қалай жұмсалғанын көріп отыр. Алдағы материалда көпқабатты тұрғын үйдегі өзін-өзі басқару жүйесі туралы айтамыз.

Нурсәт шағынауданындағы №41 үйдің тұрғындары он жылдан бері жылу мен ыстық судың жоқтығынан зардап шегіп келді. Жүйе жиі істен шығып, күнделікті тұрмыс қиынға соғатын. Барлық жағдай тұрғындар үйді өз қолдарына алған соң өзгеріпті. Мұндағы тұрғындар жөндеуді бірінші орталық жылу жүйесінен бастағанын айтады.

Әлия Жәнібекова, Тұрғын: «КСК -мен жасаған кезде оларға ай сайын төлеп отырасыздар. 200-250 мыңға дейін. Ал біз сол ақшаны төлеп отырған жоқпыз,  ол ақшаны ай сайын шотымызда ұстап отырып, сол ақшаны жинағаннан міне жұмсап отырмыз. Сол ақшаның әрбір тиынын жинап, осылай жасап отырмыз»

Айта кету керек, биылдан бастап Қазақстанда көпқабатты үйлерді басқару ережелері жаңарды. Енді тұрғындар үйлерін  мүліктің иелерінің бірлестігі немесе басқарушы компания арқылы өздері басқара алады. Реформа қызмет көрсетудің ашық және тиімді болуын көздейді. Осылайша, халық  жинақталған қаражаттың қалай жұмсалып жатқанын көре алады.

Мәлік Әбдінұров, Қалалық орта асапасы мен бақылау басқармасы бастығының орынбасары: «Заңда көпқабатты үйлерді басқарудың екі формасы бар: мүліктің иелерінің бірлестігі және тұрғындардың тікелей бірлескен басқаруы. Қаламызда қазір шамамен 150 үй мүліктің иелерінің бірлестігі формасын таңдаған. Бұл Заңның мақсаты – тұрғындардың өз үйлерінің иесі болып қалуын қамтамасыз етіп, қаладағы тұрғын үй қорын сақтау. Қандай да бір Сұрақтарыңыз болса Тәуке хан көшесі, 6-шы үй мекен-жайы бойынша хабарласа аласыздар»

Көпқабатты сектордағы тұрғындар өз таңдауларын 2026 жылдың 17 шілдесіне дейін жасауға тиіс. Қазір Шымкент қаласында шамамен 20 басқарушы компания тіркеліп, сертификатталған. Ал тұрғындар өз үйлерінің қызметін қай компанияға сеніп тапсыратынын өздері таңдай алады.

Лаура Бабас