Шымкентте қайтыс болған 39 жастағы әйелдің туыстары әділ жаза талап етеді

фото azattyq-ruhy.kz

Шымкентте 50 жастағы ер адам өзінің азаматтық некедегі әйелін пышақтап өлтірген. Онымен қоймай, мәйітті бірнеше сағат өз көлігінде салып алып жүрген дейді марқұмның туыстары. Олар әлі күнге дейін полиция өздерінен бір рет те хабар алмағанын айтып, іс бұрмаланып кете ме деп алаңдайды. Ал кінәлі азамат уақытша ұстау изоляторында қамауда отыр.

Шымкентте 39 жастағы әйелді азаматтық некедегі жары пышақтап өлтірген. Марқұмның туыстары  қайтыс болған әйелді 50 жастағы бұрынғы күйеуі аңдып жүріп ақыры түбіне жетті деп отыр. Небәрі 3 ай бірге тұрған күйеуі жарына отбасымен еркін араласуға да мүмкіндік бермеген көрінеді. Ал келіншек қайтыс болардан бір ай бұрын төркіндеп келгенінде туыстарына «мені құтқарып алыңыздар» деп айтқан екен. Әйелдің анасы оны бірден үйіне алып келген. Ал 2 айға жуық хабарсыз болған күйеуі оқиға болатын күні келіншекті аңдып жүріп көлігіне мінгізіп алғанын айтады.

Нафиза Қыстаубаева, марқұмның анасы: «Дамаз күтіп тұрған, ары күткен-бері күткен келмеген, келмегеннен кейін үй жаққа қайтып келіпті. Мына жерде балам жүр екен, немерем, соған « Ерасыл автобустың келе жатқанын көрші» депті 149, содан кейін айкөлікке қарапты да, «әпше, келе жатыр» депті, сосын «апарып салайын ба?» депті ол, сөйтсе, «жоқ, керек жоқ» депті да, осы ортамен жүгіріп кеткен. Ана жерден кетті, былай бұрылды, ары қарай біз білмейміз. Сағат 12-ден асқанда солай қарай кеткен».

Марқұм Раушан Фирманованың анасы қызының 5 жерінен аяусыз пышақталғанын айтады. Онымен қоймай кінәлілер мәйітті бірнеше сағат көлігінде салып алып жүрген.

Нафиза Қыстаубаева, марқұмның анасы: «Міне күре тамырдан тыққан. Экспертиза «бұл 2 минутта жан тапсырған деген». 5 рет тыққан, міне мына мойыннан, күре тамырды қиып түскен. Жүректен тыққан, балтырдан тыққан. Одан кейін қызымның қолында кескені бар, жуындырғанда көрдік. Мойнынан екі емес, үш рет тыққан».

Раушан жоғалғаннан кейін туыстары оны өз бетінше іздей бастаған. Алайда, 17 және 15 жастағы екі қыздың анасын құтқаруға тым кеш болған. 39 жастағы әйелдің туыстары тек бірнеше сағаттан кейін ғана қаралы хабарды естіген. Марқұмның анасы күдікті мәйітті көлікте алып жүрген кезде жанында оның інісі де болғанын айтады.

Нафиза Қыстаубаева, марқұмның анасы: «Ол үйіне звондаған «мен келіндеріңді өлтіріп алдым» деп. Содан кейін олар жүрегі ауырып, құлап жатыр екен. Одан кейін қасына інісін мінгізіп алыпты. Одан өзінің үйіне барған, өзі әдемілеп жуынған, шомылған. Ана өлік машинада жатыр, өзінің киімін бәрін ауыстырып,  дайындалып барған. Рощаға қарай кетіп бара жатқан кезде, сыртының бәрі қан-қан, сөйтіп кетіп бара жатқан кезінде ұсталыпты. Білмейміз бірақ, ұстап алған ба немесе қасындағы інісі звондаған ба?».

Туыстарының айтуынша, Раушан жұбайымен дәмханада танысқан, ал мұсылмандық некесін қидырғаннан кейін үш ай бірге тұрған. Алайда, марқұмның анасының сөзінше, Раушанға жұбайы «ағаңды атып кетем, туыстарыңды өлтіремін, үйіңді өртеймін» деген секілді сөздермен сес көрсетіп келген көрінеді. Қас пен көздің арасынан перзентінен айырылған ана, өз әйелін аяусыз қорлап өлтірген адам лайықты жазасын алсын дейді.

Нафиза Қыстаубаева, марқұмның анасы: «Үйде отырып, жолға шығып, анықтама алам, ХҚО-ға барам деп кеткен қызды жолдан ұстап алып, зорлап өлтіріп отыр, қорлап. Бір рет пышақ ұрған жоқ оған, 5 рет пышақ ұрып отыр. Соған әділ жаза берсе, аямай, қанішердің жазасын берсін! Өмір бойы бас бостандығынан айырып, сол түрмеде шірісін деп отырмын!».

Полицейлер айтулы істі «кісі өлтіру» бабы бойынша қозғады. Ал күдікті қазір уақытша ұстау изоляторында қамауда отыр.

Батырбек Мырзагелдиев, Шымкент қаласы ПД Әл-Фараби аудандық полиция басқарма бастығының тергеу жөніндегі орынбасары: «Хабарлама бойынша жедел тергеу тобы оқиға орнына барған кезде 1972 жылғы Шымкент қаласының тұрғыны өзінің азаматтық некедегі әйелін өлтіріп қойғандығы туралы мәлімдеме айтты. Аталған жайт бойынша автокөліктегі мәйітке сараптама жасалды. Қазіргі кезде тергеу амалдары жүргізілуде. Ол оқиға бойынша сол күні 102-ге хабарлама түскеннен бастап, ҚР ҚК 99-бабы, яғни «кісі өлтіру» бабымен іс қозғалып, сол баппен ұсталған азамат қазір қамауда отыр».

Марқұмның туыстары айыпталушы азамат өзіне тиесілі жазасын алсын деп отыр. Олар өз әйелін аясуыз пышақтап өлтірген күдікті қамауға алынғанымен, жеңіл жазамен құтылып кете ме деп қорқады.