Түркістандық шабандоздар «Ұлы дала жорығында» көш бастады

63

Елімізде алғаш рет ұйымдастырылған «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесі мәреге жақындап келеді. Дүбірлі додаға 19 аймақ сәйгүлік қосқан. 1200 шақырымдық аламанда 8 команда ғана жарыс жолын жалғастырып жатыр. Теріскейге алғашқылар болып Түркістан облысының шабандоздары жетті.

«Ұлы Дала Жорығы» марафон-бәйгесінің шабандоздары 1 мың шақырымдық межені бағындырды. Жарыстың 10-шы күні олар Созақ ауданы, Қаратау ауыл округі, Сарыжаз елдімекеніне тоқтады. Бәйгенің кезекті сайысында Теріскей жерінде алғаш болып мәреге Түркістан облысының шабандоздары жетті. Созақ ауданынан бәйгеге іріктелген жылқылары төзімділігін байқатса, өңірдің шабандоздары ептілігімен көзге түсті.

Думан Зұлхарнай, Түркістан облысы командасының капитаны: «Атымыз барлық сынақтан өтіп келеді. Ұлы дала жорығы сайысының барысында шөлейт жерлерді, өзге өңірлерді көріп әсер алып келеміз. Әр жігіт жетістігімен мақтанады. Өзіміздің жерімізге исі аңқыған шөптің иісі жылқыға да бізге де жігер береді. Әсіресе жерлестерімізге рахмет. Қолдау көрсетіп жатыр. Сенімдеріңізді ақтаймыз. Жеңіске, Алла қаласа, жетеміз».

Аламан бәйгеде Ақтөбе облысының сәйгүліктері екінші, Маңғыстау облысы үшінші болып мәреге жетті. Қаратау бөктеріндегі Сарыжаз ауылында шабандоздардың құрметіне дастархан жайылып, Созақ ауданының халқы меймандарға сый -құрметтерін көрсетті.

Батырхан Аяпов, Созақ ауылдық округінің әкімі: «Ұлы дала жорығы» қатысушыларына Тайқоңырда осылай қонақ асын бергенбіз. Бүгін, міне Созақта. Бұл спорт түрі қазақтың еншісіндегі дүние. Соңғы кезең Түркістанда. Өзіміздің Созақтың жылқылары көш бастап келеді екен. Қарабайыр өзіміздің жылқылар. Үміттеміз, жігіттеріміз аламан бәйгеде жеңіске жететініне сенеміз».

Ұлттық жоба ұлан-ғайыр атырапты айлап-апталап атпен жүріп өткен бабалар жорығын қайта жаңғыртып отыр. Шабандоздармен жол жүріп, өңірлерді велосипедпен аралаған маңғыстаулық Раббин Борашов бұл дәстүрді насихаттауда аянбаймын дейді.

Сайысқа қатысқан  8 команда Сарыжаз ауылынан шығып, Шолаққоран ауыл округі, Абай елді мекеніне қарай 100 шақырымдық жарыс жолына шығады. Ақтық мәре киелі Түркістанда. Ұйымдастырушылардың пайымдауынша, қазақтың қазанаттарын дәріптейтін жеңімпаздарды қомақты жүлде қоры күтіп тұр.