Кәсіпкерлікпен айналысатын ауыл азаматтарына қолдау қажет

52

Төлеби ауданында соңғы он жылда кәсіпкерлік қарқынды дамып келеді.

Мұнда мал бордақылаудан бастап етті және сүтті бағыттағы шаруашылықтардың саны артуда. Жеміс жидекпен тек шаруа қожалықтары, өндірістік кооперативтер ғана емес жеке кәсіпкерлер де айналысуда. Айта кетейік, Премьер- министр үкімет отырысында «кәсіп етемін деген азаматтарға әкімдік қолдау көрсетуі қажет» деп нақтылаған болатын.

«Төлеби ауданында алма бауымен айналысатын азаматтардың саны жыл сайын артып келеді», –  дейді Ұзынарық аулының тумасы Серғали Жансейітов. Кәсіпкер алма көшеттерін 2011 жылы Меркеден жеткізіп жерсіндірген екен. Шаруа, он жылдам астам уақыттан кейін күтімнің арқасында жақсы өнім ала бастаған.
Серғали Жансейітов, кәсіпкер: «Биыл алма жақсы. Қымбатшылықты ескеріп  бір келісін 100 теңгеден сатып жатырмыз. Өйткені, ауылда аз қамтылған, көпбалалы отбасылар көп. Олар 200-300 теңгеден ала алмайды. Күнделікті келіп өздері баудан 200-300 келі алма жинап алып кетеді. Қыстық жағдайын осылай жасайды».

Бүгінде кәсіпкердің 25 га жер алқапта жайқалған алма бауында «Голден делишес», «Рэд делишес», «Превосход» түрлері төгіліп тұр.

«Жеміс пісіп жетілгенше тынбай еңбек ету керек. Зиянкестермен күреске дәрі дәрмек, тыңайтқыштар сатып алуға мемлекеттік қолдау қажет-ақ», дейді бағбан. Естеріңізге сала кетейік, 2021-2025 жылдарға арналған » Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба жақында Үкімет отырысында жан-жақты талқыланып, жергілікті әкімдіктерге нақты тапсырма да берілген едіі.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі: «Әкімдіктер кәсіп етемін деген азаматтарға қолдау көрсетуі қажет. Олардың шаруашылықтарына инфрақұрылым тартып су электр, ағын су жеткізіп беруі тиіс».

Ия, ағын су демекші, Кеңес Одағында тозығы жеткен каналды аудан әкімдігі мен су шаруашылығы мекемесі жаңғыртып, бүгінде нысаннан 4 елдімекеннің шаруалары ағын сумен қамтылып отыр. Бидай егілген егістік жерге алма отырғызған Серғали Жансейітов кәсібін дөңгелету мақсатында шағын қаржы ұйымынан 8 пайыздық мөлшерлемемен бес жылға несие алған екен.

Серғали Жансейітов, кәсіпкер: «Бидайдан бөлек, мақсары өнімді  еккен жылы береді.  Ал алма 4-5 жылдан кейін өнімін береді. Сондықтан жүйелілік керек. Алма бауларымен айналысатын  азаматтарға 1 пайыздық несие, немесе субсидия берілуі тиіс».

Алма«Алма биыл бітік шыққан. Тек Төлеби ауданындағы шаруашылықтарда ғана емес, бүкіл өңірдегі аталған жеміспен айналысатын кәсіпкерлердің ендігі проблемасы, өнімді ұтымды бағада өткізу, сату»,-дейді бағбан.

Серғали Жансейітов, кәсіпкер: «Кеңес  дәуірінде жақсы тәсіл бар еді. Мемлекеттік сатып алу яғни, продкорпорациялар шаруалардан  алманың келісін  50-70 теңгеге сатып алып, балабақша, аурухана, балалар үйіне жеткізетін. Жақсы үлгілерді  жұмыста кеңінен пайдаланған дұрыс».

«Өнімнің көп болғаны бағаның өзіндік құнына әсер етеді, арзан болады. Алайда биылғы жиын терімдегі алманы қоймаларда сақтамасақ, көктемде бағалар шарықтап, делдалдар пайдасын көреді. Ұлттық жобадағы төртінші бағыт бәсекелестікті кешенді дамыту бойынша сала министрлігі, «Атамекен кәсіпкерлер палатасы» бірігіп, жүйелі жұмыс жасаса ғана нәтиже болады», –  деп санайды кәсіпкер.