Шымкент: Құрылысы өткен жылы басталған гүлзар халық игілігіне берілді

31

Шымкент қаласы тағы бір гүлзармен толықты. Қаладағы 11- ші шағын ауданында орналасқан гүлзардың құрылысы аяқталып, ел игілігіне берілді.

Нысанның ашылуына шаһар басшысы Мұрат Әйтенов, мәслихат депутаттары, қоғам белсенділері, жергілікті тұрғындар мен БАҚ өкілдері қатысты.

Халықты жаңа гүлзардың ашылуымен құттықтаған мегаполис әкімі, демалыс аймағын күтіп ұстаудың маңыздылығына тоқталып өтті.

«Бірінші мақсатымыз 3-4 ауланы біріктіріп гүлзар салу. Бұл қала бойынша бірінші жоба. Ерекшелігі, мұнда арнайы жер бөлініп салынды. Жалпы, гүлзардың арқасында тұрғындар бірігеді. Үнемі кездесіп отырады. Қазақшылығы пайда болады. Қазақ әнге бай, арнайы осы жерге келіп өлең айтса, бірге мерейтойларды тойласа бірлік артады. Бірлік болған жерде тірлік болады»,-деді Мұрат Әйтенов.

Құрылысы өткен жылы маусым айында басталған демалыс орнында велосипед тізгіндеушілер үшін де жағдай жасалыпты. Сондай-ақ, 27 орындық көлік тұрағы бар. Демалыс аймағы биодәретханамен де қамтылған.

Жалпы заманауи гүлзар 1,600 га аумақты қамтиды. Мұнда амфитеатрмен қоса, құрғақ субұрқақ, сыйымдылығы 140 м3 болатын жер асты су сорғысы орнатылды.

Сонымен қоса ересектер мен балаларға арналған демалыс аймағы, шахмат, үстел теннисін ойнауға болатын ойын алаңы, көше тренажерларының спорт және трансформаторлық қосалқы станциясы, арқан паркі қарастырылды.

Құрылыс ауданы – 87,00 шаршы метр, қатты жабын ауданы – 2302,00 шаршы метр, көгалдандыру ауданы – 7488,00 шаршы метр.

Ресми ашылу салтанатынан соң қала әкімі тұрғындармен бірге гүлзарға ағаш екті. Қараусыз қалғандай күй кешкен жердің әдемі әрі демалыс аймағына айналуы — көптің ризашылығын тудырды. Жергілікті жұртшылық игі іске өз алғыстарын білдірді.

«Өте қуаныштымыз. Бұрындары қоқыс басып жататын жер қазір адам танымастай өзгерді. Халық демалатын орынға айналып отыр. Осындай гүлзарлар көп бола берсін. Біз қашанда мұндай бастамаған қолдау білдіреміз. Өйткені, бұл тұрғындар үшін, оның ішінде қарияларамыз бен балалармыз үшін өте қолайлы»,-деді қала тұрғындары.

Айта кетейік, халықтың көңілінен шыққан гүлзар құрылыс мерзімінен бұрын пайдалануға берілді. Алдағы уақытта да Мемлекет басшысының халыққа жақсы жағдай жасау бойынша берген тапсырмасы аясында мұндай жобалар жалғасын табады деді жергілікті билік.