Шымкентте 650 орындық мектеп ашылды

119

Шымкенттегі «Елтай» тұрғын алабында 650 орындық жаңа мектеп ашылды. Бұған дейін бұл елдімекеннің 600-ден астам оқушысы 4 шақырым қашықта орналасқан көрші ауылға қатынап оқитын еді. Тұрғындар қала әкімдігіне бірнеше рет өтініш айтқан болатын. Енді міне тұрғындар өтініші жерде қалған жоқ.  Ашылу салтанатына Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан мен Еңбекші ауданының әкімі Досбол Есілбек және зиялы қауым өкілдері қатысты.

Жанат Тәжиева, Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы: “Биыл Шымкент қаласында 40-қа жуық мектеп ашылады. Үш ауысымды мектеп 9 дан 4-ке азайды, келер жылы тіпті болмайды. Бүгін міне елтайлықтар үшін үлкен қуаныш. Бұл мектеп бір ауысымды болады. Түске дейін балалар білім алады, түстен кейін қосымша үйірмелерге қатысады. Жалпы, келешекте барлық мектеп осындай бір ауысымды болуы тиіс”.

Бір ауысымда білім беретін мектеп заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған. Биология, химия, физика зертханалары және кең спорт залы бар. Жалпы жеке инвестор салған мектепте білім беру жан басына қаржыландыру арқылы жүзеге асады және оқушыларды тасымалдау үшін арнайы автобус та қаралған. Жалпы, Мемлекет бағдарламасы балалардың сапалы білім алуы үшін өте тиімді дейді жауаптылар.

Ақмарал Көмекқызы, мектеп директоры: “Біздің мақсатымыз — тек қана білім беру емес, оқушылардың берген білімді меңгергеніне көз жеткізу. Сол үшін БИЛ, НЗМ, iQaanat сияқты мектептер пайдаланатын EDUCON компаниясының ақпараттық технологиясын қолдана отырып, оқушы өткен сабақты бойына сіңіріп алғанша оқытамыз. Түсінбеген тақырыбын үйде отырып, видео сабақтар арқылы қайталай алады. Мұғалімдер мен ата-аналар оқушының барлық пәндер бойынша үлгерімін жыл бойы бақылап отыра алатын болады”.

Мектептің салтанатты ашылуына орай, Елтай тұрғындарына арнап дастархан жайылды. Мектеп ұжымы мен оқушылар ата-әжелердің ақ тілегін тыңдап, батасын алды.