Шымкентте Қайнарбұлақ саяжайындағы тұрғын үйдің бірінен өрт шықты. Тілсіз жау салдарынан гараж бен ішіндегі автокөлік толық жанып кетті.
Оқыс оқиға 13 қазан түнгі сағат 22:35-те орын алды. Жалынды ауыздықтауға жеткен төтеншеліктердің айтуынша, өрт үйге жапсарлас орналасқан гараждан шыққан. Абырой болғанда, үй иелері қауіпсіз жерге шығып үлгерген. Зардап шеккендер мен қайтыс болғандар жоқ.
Нұржігіт Мыңбол, Шымкент қаласы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары: «Хабарды алысымен екі өрт сөндіру техникасы мен 11 жеке құрам жұмылдырылды. Шақыру орнына 22:44 жеттік. 9,5 шаршы метр гараждың толық жанып жатқаны анықталды. Және ішінде волксваген автокөлігі жанып жатты. Өрт 22:50 де оқшауланып, 23:08 де толығымен сөндірілді. Зардап шеккендер мен қайтыс болғандар жоқ. Өрттің шығу себебі анықталып жатыр».
Айта кетейік, өрт сөндірушілер құрылымдарды ашу барысында гараж ішінде 25 литрлік бір газ балон мен 40 литрлік кисларод балоны бар екенін анықтап, оны дер кезінде қауіпсіз жерге шығарып үлгерді. Өрттің шығу себептері анықталуда.