Түркістан облысында 457 елдімекен газбен қамтылған

109

Ағымдағы жылы Түркістан облысында 457 елдімекен көгілдір отынға қол жеткізген. Ал бұл көрсеткішті ұлғайту үшін өңірлерде магистралды газ құбырларын салу жоспарланып отыр. Осы және аймақта қордаланған өзге де мәселелер кезекті жиында талқыға түсті. 

Түркістан облысында 2022 жылдың 1 қаңтардағы жағдай бойынша 831 елді мекеннің 457-сі табиғи газбен қамтылған. Бұл елдімекендегі халық санымен есептегенде 1 млн. 529 мың тұрғын көгілдір отынға қол жеткізді деген сөз. тұрғындардың Қазіргі таңда тұрғындарды толық газбен қамту үшін аймақтарда тағы да магистралды газ құбырын салу жоспарланып отыр.

Сәкен Далиев, Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы: «Бүгінгі таңда облыс табиғи газды «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистралды газ құбырынан алып отыр. Алдағы уақытта осы құбырдың екінші линиясын салу жайында энергетика министрлігіне ұсыныс жіберілді. Сондай-ақ облыста 31 газ тарату стансасы бар. Және де 5 АГТС салынып жатыр».

Биыл облыста 69 газ нысанының құрылысына 15,9 млрд. теңге бөлінген. Қазір соның ішінде жоспар бойынша 9 нысан пайдалануға беріледі. Қалған 60 жоба 2023 жылы жалғасын таппақ. Сондықтан өңір басшысы жауапты органдарға газ орнату жұмысына тиянақты қарауға тапсырма берді.

Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: «Үйге келген газды, енді ішке кіргізу мәселесі бар. Бәрін қарап, тексеріп, мониторинг жасау керек. Әрбір нысанға кім жауапты, қандай уақытта пайдалануға беріледі? Алда қандай іс жүзеге асады? Бәрін тізіп жазып шығу керек. Сонсоң оны қарап, дұрыс емес жері болса тексеріп бекітеміз».

Бүгінде Түркістанда құрылысы аяқталған жаңа нысандарды газбен қамту шаралары жүргізіліп жатыр. Алайда тұрғындар үйлерін тек жылыту маусымы жақындағанда ғана ойлап, құзырлы орындарға қазан айында келіп жүгінеді екен. «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Түркістан өндірістік филиалы директорының айтуынша уақыттың тығыздығына қарамастан мамандар мәселені барынша тездетіп шешуге тырысып жатқан көрінеді.

Нұржан Түймебаев, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Түркістан өндірістік филиалының директоры: «Жаз уақытында адам келмейді. Бізде халыққа қызмет көрсету бөлімі жұмыс істейді. Ол жерде мамандарымыз тұрғындарға көмек көрсету үшін отыр. Халық жаз бойы келмейді, қыс тақағанда адам саны көбейіп кетеді. Бізде ол уақыттарға қызметкерлерімізді көбейте алмаймыз. Олар адамдардың бірден келуінен үлгере алмай қалады». 

Сондай-ақ аппарат отырысында облыс тұрғындарының әлеуметтік жағдайы да сөз болды. Атап айтқанда өңірде тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері бойынша 2 мыңнан астам іс сотқа жолданған. Әкімшілік істердің 64 пайызы сотта тараптардың татуласуымен қысқартылған. Қазіргі таңда отбасындағы күш көрсету жайттарын азайту мақсатында жаңа жоба құру қолға алынған.

Аңсар Өсербаев, Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы: «ҚР Бас прокуратурасының «Отбасындағы зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» атты пилоттық жоба жастар ресурстық орталығы жанынан әлеуметтік-психологиялық сүйемелдеу секторы ашылған болатын. Сектор мақсаты – тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болып, күйзеліске түскендердің жағдайын жасау. Онда 1028 адамқа қызмет көрсетілді»

Айта кетейік, облыста 2025 жылға дейін әрбір қала мен ауданда отбасын қолдау, отбасылық жанжалдарды шешу үшін 234 «Отбасын қолдау орталығын» ашу жоспарланған.