Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының төрағасы Наурызбай Тағанұлы үшінші мегаполиске іс-сапармен келді. Бас мүфти шымкенттік ақсақалдармен кездесіп, жастармен пікір алмасты. Қазыналы қарттар дін өкіліне қандай ұсыныстар білдірді? Жастармен өткен шарада не айтылды?
Бас мүфти Наурызбай Тағанұлы Шымкенттке келді. Ең алдымен Әл-Фараби кітапханасын аралап, жұмысымен танысты.
Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының төрағасы іс-сапарын мегаполистің ақсақалдарымен кездесіп, пікірін тыңдаудан бастады. Жиын барысында ең алдымен А.Байтұрсынұлының мерейтойына орай құран бағышталды. Содан кейін ақсақалдардың ұсынысы тыңдалды. Шалатай Мырзахметов қоғамда өзекті мәселеге айналған жат ағымдарға заң жүзінде тыйым салуды ұсынды.
Шалатай Мырзахметов, ҚР Мемлекет және қоғам қайраткері: «Парламентке шығып, заң қабылдасақ. Өзбекстанда тиып тастады ғой барлық жат ағымды. Бізде заңға енгізіп, барлығымыз бірге күресейік. Жасыратыны жоқ Қазір Шымкентте базарларда жүр. Естіп жатырмыз. Осыны қолға алсақ».
Тұрғындар тарапынан бұл ұсыныс бұрыннан да айтылып жүрген. Енді тек сөз жүзінде қалмай нәтиже шықса дейді.
Бас мүфти шаһардағы «Қаратау» дәстүрлі өнер мектебінде болып, оның жұмысымен танысты. «Дін мен салт сабақтастығын ұштастыра білу қажет» деген Наурызбай Тағанұлы Қазақстандағы алғашқы салт-дәстүр мектебіне жоғары бағасын берді. Әрі мектепте тұсаукесер рәсімі өткізілді.
Өнер ордасында түрлі салада жетістікке жеткен жалынды жастармен де кездесу өтті. Кездесу барысында бас мүфти дін мен салт туралы түсіндіріп, болашақ жастардың қолында екенін атап өтті. Жалпы, ҚМДБ жеті бағытқа басымдық береді. Ал оның бірі дін мен дәстүр.
Наурызбай Тағанұлы, ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти: «Біз осы кездесулерде халыққа имандылық жөнінде, ынтымақ-бірлік жөнінде насихаттар айтып жатырмыз. ҚМДБ биылғы жылды «Ислам-ынтымақ пен бірлік діні» деп жариялады. Осы тақырып аясында бірқатар кездесулер жүргізіп жатырмыз. Ақсақалдармен өткен кездесуде де біз екі мәселе көтердік. Адамды соңғы сапарға шығарып салған кездегі Қабрстан мәдениеті. Оның біркелкі болуы, таза болуы, ол жерге ағаштардың отырғызылуы деген сияқты бірқатар осындай мәселелер көтерілді. Алдағы уақытта бірлесе жұмыс атқаратын боламыз».
Алдағы уақытта ардагерлер мен жастар тарапынан көтерілген мәселелер басты назарға алынады. Сондай-ақ жылдық жоспар бойынша өңірлерді аралап жүрген бас мүфти өзге қалаларға да барып, ондағы азаматтардың ұсынысын тыңдауға дайын.