Облыстық антикор басшысы Жетісай жұртшылығымен кездесті

68

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті басшысы Қанат Қожахметов аудандарда орын алған жемқорлық фактілеріне тоқталды. Айта кетейік, бұған дейін өңірде үш аудандық білім бөлімінің басшысы парамен ұсталған. Олардың ісі сотта қаралып, жауаптылар жазаланды. 


Жетісай ауданы тұрғындары аймақтық антикор басшысының қабылдауында мемлекеттік органдардың заңсыз әрекеттері, мүмкіндігі шектеулі жандарға тиісті жағдайдың жасалмауы, мердігерлердің заң бұзуы сынды шағымдарын жеткізді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саласының мамандары БАҚ өкілдерінің сұрақтарына да жауап берді. Жиында журналистер тарапынан шенеуніктердің сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтары мен әкімдік қызметкерлерін пара алғаны үшін жазалау, атышулы қылмыстық істерді талдау барысы сияқты маңызды мәселелер төңірегінде сауалдар жолданды.

Қанат Қожахметов, ҚР СЖҚІҚА Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы: «Біздің атқарған жұмысымызға халық өзі баға береді. Соңғы екі жыл көлемінде тұрақты түрде қоғамдық сауалнамалар жүргізіп отырамыз. Оның нәтижесі бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі Түркістан облысы тұрғындары артқан сенімді ақтап отыр деуге негіз бар”.

Қанат Қожахметов Түркістан облысында сыбайлас жемқорлық жүйесін түп- тамырын жойып, пара алу фактілерін азайту мақсатында жұмыстар тұрақты түрде жүргізіліп отыратынын айтады.

Қанат Қожахметов, ҚР СЖҚІҚА Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы: “Сарыағаш ауданына барғанда үш ауданға газ кіргізу туралы сұрақ қойылды. Біз аталған жайт бойынша мәселені қарадық. Қазір бәрі орнына келді. Кінәлілер жазаланды. Нақтырақ айтсақ,жауапты аудан әкімдері мен орынбасарлары қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, білім саласында да көптеген сұрақтар қойылып тұрады. Түркістан облысының үш ауданында білім бөлімінің басшылары қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Сот шешім қабылдайды”.

Айта кетейік, Қанат Қожахметовтің облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы департаментіне басшы болғанына тура бір жыл толды. Бұған дейін генерал-майор Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау және Қызылорда облыстары бойынша департаменттерін басқарған.