Шымкенттік әйел 16 жыл бойы күйеуінің қорлығына төзіп келген

32
Кішкене теріс қылығы үшін ұрып-соғу, балағаттау, қорқыту. Шымкент қаласының тұрғыны Луиза Айхожаеваның 16 жыл ғұмыры осындай қорлықпен өтті. Оның айтуынша күйеуімен ажырасуға шешімді жолдасы ет жақындарына қол көтерген соң қабылдаған. Неліктен біздің әйелдер еркектен көрген қорлығына төзіп жүре береді? Неге ажырасуға асықпайды? Психолог мамандар мұның барлық себебін жіпке тізіп айтып берді
Луиза Айхожаева, жәбірленуші: «Анамның қан қысымы жоғары, гипертоник, ал әкемнің жүрегі ауырады. Сондықтан оларға арызымды айтып, уайымдатқым келмеді».
Көз жасын әрең тыйған Луиза Айхожаева отбасылық өмірінде көрген бар қиындығын баяндап берді. Ол 17 жасында өз еркімен күйеуге шыққан. Бірақ үйлену тойынан бір ай өткен соң-ақ, оның көзінің астында алғашқы көгерулер пайда бола бастаған. Луизаның айтуынша, 16 жылдық некеде  оның көрген қорлығы аз болмаған. Ал соңғы таяқ жеуі күйеуінің көңілдесінің себебінен болыпты.
Луиза Айхожаева, жәбірленуші: «Күйеуім маған қоңырау шалып «Мен сені өлтіремін, бауыздаймын» дейді. Мен қатты қорқып кеттім. «Не істедім сонша?» — деп сұрадым. Ал кешке үйден шықсам маған қарай жүгіріп келе жатыр. Біздің аулада екі үй бар. Қайын атамның үйіне жүгіріп барып кіріп, есікті жауып алдым. Ал үлкен жездеміз оны ұстап қалды».
Осыдан кейін ол ажырасуға бел буған. Луиза өз балаларын күйеуінен алып кетуге батылы жетпей, анасы мен жүкті әпкесін ертіп барады. Туыстарының айтуынша шақырылмаған қонақтарды жақтырмаған еркек қыздың анасын да ұрып жібереді.  Оқиға орнына полиция қызметкерлері келгенде күйеуі тіпті жүкті әйелге де қол көт еріп үлгерген.
Назмина Ташмұратова, Луизаның әпкесі: «Бірден жедел жәрдем келіп алып кетті. Мұрын, тіс сынып, тері жыртылған. Осыдан кейін маған және сәбиіме қауіп төнді. Ал менің мұрныма шұғыл ота жасау керек. Себебі сынып кеткен.  Бірақ, жүкті болғандықтан қазір ота жасата алмаймын».
Соққыға жығылған  жәбірленушілер полицияға арыз жазған. Ал Луизаның күйеуі болса, үйінен зергерлік бұйымдарды ұрлады деп қарсы арызданған.
Сардар Тұрсымбаев, Шымкент қалалық ПД  ЖПҚ басшысының орынбасары: «Іс тіркеуге алынды. Бұл істі байланысты сараптамалық зерттеуге жібердік. Талдау нәтижесі келген соң іске кірісеміз. Бірақ күйеуі де қарсы арыз жазып жатыр».
Ал психологтардың пайымдауынша, әйелдер тұрмыстық зорлық-зомбылыққа төтеп беруге мәжбүр. Себебі бірінің баласы бар, енді бірі тағы басқа себептермен тирандардың ісіне төзуге бейім.
Әсемгүл Оразова, практикалық психолог: «Мұндай жағдайларға душар болуға біріншісі – тез арада үйлену себеп болады. Сонымен қатар отбасындағы экономикалық факторлар да әсерін тигізеді. Сондай-ақ, әйел адам тұрмысқа шыққанда өзінің атқаратын істеріне әлі дайын болмауы мүмкін. Сондықтан отбасында қиындық туындаған жағдайда не істерін білмей қалады»
Қазір Луиза Айхожаева төрт баласымен ата-анасының қолында тұрады. Ол ажырасуға және алимент өндіруге арызын тастап қойған. Сондай-ақ жұмысқа орналасып, бәрін жаңадан бастауға бел буып отыр.