Түркістан қаласының ауданаралық соты отбасындағы жанжалдан кейін әйелін байлап, күштеп Шымкенттегі психикалық денсаулық орталығына апарып тастаған күйеуі мен оның екі досына қатысты үкім оқыды.
Сот айыпталушылардың барлығын «Адам ұрлау» бабы, «Психиатриялық стационарға заңсыз орналастыру» бабымен кінәлі деп таныды. Ал жәбірленушінің күйеуі бұған қоса «Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру» бабымен жазаланды.
Сот жәбірленуші әйелдің күйеуімен бірге айыпталған 2 досын 8 жылға бас бостандығынан айырды. Олар жазасын қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінде өтейтін болды. Бұған дейін үйқамақта болған үш айыпталушы да сот залынан қамауға алынды. Олар жәбірленушіге моральдық шығын ретінде 11 миллион теңге өтейтін болды.
: Оқиға 2024 жылы болған. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл жәбірленушінің шағымын жариялаған. Оның жазуынша, күйеуі психикалық денсаулық орталығының қызметкерлерімен алдын ала келісіп, оны ақыл-есі кем деп мекемеге орналастырған.
Әйел емханада 3 күн болған. Ол орталықтан шыққан соң полицияға арызданған. Десе де іс жабылып кеткен. Кейіннен прокуратура істі тоқтату туралы полицияның қаулысын жойып, қылмыстық істі қайта қозғаған.
Дилара Иса






