Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов банктер мен микроқаржы ұйымдарынан алған несиесін өтей алмай жүрген азаматтар туралы статистиканы бөлісті.
«Осы жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша 1 миллион 400 мыңнан астам қазақстандықтың 1 триллион 450 миллиард теңге қарызы бар. Олар 90 күннен асқан қарыз болып есептеледі», — деді Біржанов орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Айтуынша, осы санаттағы азаматтардың жағдайын жақсарту үшін «Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» заң жобасы әзірленді.
«Осы азаматтардың ішінде 5 жылдан астамы қарызы бар 365 мың адам бар. Олардың берешегі бүгінгі таңда 504 млрд теңгені құрайды. Бұл статистика халықтың проблемалық қарыздарын заңнамалық реттеу қажеттілігін көрсетіп отыр», — деді вице-министр.
Заң жобасын қаржы министрлігі әзірлеген. Бұл құжатты дайындауға халықтың шамадан тыс кредиттік ауыртпашылығы мен жалпы азаматтардың едәуір бөлігінің қаржылық жағдайының нашарлауы түрткі болды, деп атап өтті Біржанов.