Мұғалімдердің құқықтарын бұзу фактілері бойынша әкімшілік істер азайды

32

«Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданғаннан кейін мұғалімдердің құқықтарын бұзу фактілері айтарлықтай азайды, деп хабарлайды Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі.

Былтыр білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитетіне «Педагог мәртебесі туралы» заң нормаларының сақталмауы туралы 105 өтініш түссе, биыл 67 өтініш тіркелген.
Мұғалімдердің құқықтарын бұзу фактілері бойынша да әкімшілік істер азайды. Былтыр 56, биыл 25 әкімшілік іс қозғалды. Олардың барлығына тиісті шаралар қабылданды.
«Мұғалімдердің құқықтарын бұзу фактілері барынша азайды. 2019 жылға дейінгі жағдай мен «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданғаннан кейінгі жағдайды салыстыруға келмейді. Мектептер әкімдіктердің қарамағында болғандықтан, мұғалімдер қоғамдық орындарды тазалауға жиі тартылатын, олар «массовка» болатын, жөндеу жұмыстарына қатысып, көптеген газетке жазылатын, үй-үйді аралап, басқа да міндетіне жатпайтын жұмысқа тартылатын. Енді мұндай жағдайлар қысқарып, жойылды деуге болады», — деді оқу-ағарту министрлігі білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Ернұр Дәуенов.
Айтуынша, заңды бұзған барлық лауазымды тұлға бірден жауапқа тартылады.
«Заң қабылданған алғашқы жылы мыңнан астам рет заң бұзылып, көп басшыны жазалауға тура келсе, қазір бұл көрсеткіш күрт азайды», — дейді комитет басшысы.