«Шымкенттің 95%-ы мобильді интернетпен қамтылған»: Сапасы қандай?

108

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Айбек Сәттібаев баспасөз брифингінде өзі жетекшілік ететін салаларда жыл бойына атқарылған жұмыстар туралы баяндады. Айтуынша, қаладағы мектеп, бала-бақша сияқты әлеуметтік нысандардың, жалпы халықтың интернетке қолжетімділігін арттыру бағытында бірқатар жұмыстар жалғасуда. Ал туризм бойынша үшінші мегаполис алдыңғы қатарда.

Үшінші мегаполисте халықты мобильді интернетпен қамту көрсеткіші 95 пайызға жетті. Ал қаланың 75 пайызына оптикалық желі тартылған дейді шаһар басшысының орынбасары Айбек Сәттібаев. Шенуніктің сөзінше, қоғамдық орындар да толық уай-файмен қамтылыпты. Алайда, шалғай елдімекендерде әлі де интернет жылдамдығы әлдеқайда төмен. Яғни, желі тартылғанымен оның сапасы сын көтермейді деп тұрғындар да айтып жүр. Мұны әкімдіктегілер де мойындады және мәселені шешіп жатқандарын айтты.

Айбек Сәйттібаев, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары: «Сұрақтардың басым бөлігі осы интернет саласына қатысты болып отыр. Егер қандай да бір шағым болса, сол министрліктің өңірлік инспекциясы бар. Ол жерде кез-келген тұрғын, кәсіпорын немесе біздің цифрландыру басқармасына арыздарын жазады. Ол жерде сол инспекциямен бірге барып, операторларды қосып соның жылдамдығын қарап, толығымен зерттейміз да нақты шаралар қабылдаймыз. Яғни, керек жерге базалық стансаларды орнатамыз».

Сондай-ақ, Айбек Сәттібаев брифинг барысында жыл бойына атқарылған жұмыстар туралы баяндады. Бүгінде мегаполисте туризмді дамыту мақсатында бірқатар жобалар жүзеге асырылып жатыр. Статистикаға сүйенсек, Шымкент елімізде қалаға келген турисер саны бойынша алдыңғы 4 орында екен.

«Биыл Шымкенттің туристік мүмкіндіктерін өзге өңірлерде және шет елдерде жарнамалау мақсатында өңірдің бизнес-қауымдастығы Алматы қаласында өткен еліміздегі ең ірі «KITF» туристік көрмесіне қатысты. Көрменің 20 жылдығына орай Шымкент қаласы «Best of the best», яғни «Үздіктердің үздігі» номинациясына иеленді. Одан өзге, шетелдерде түрлі роуд-шоулар өтіп, ол туристердің Шымкентке деген қызығушылығын арттыруға мүмкіндік берді. Жалпы, биылғы жылы бұл салада гастрономиялық және оқиғалы іс-шаралар туризміне аса көңіл бөлінді»,деді.

Биыл Шымкентте ауылшаруашылық саласында 14,3 млрд. теңге инвестиция тартылған. Айбек Сәттібаевтың айтуынша, жыл басынан 12 жоба, атап айтқанда құс, сүт, фермалары, мал бордақылау алаңы, сүтті қайта өңдейтін және мал азығын дайындайтын кәсіпорындар іске қосылған. Сонымен қатар, азық-түлік бағасын тұрақтандыру бойынша да бірқатар кешенді шаралар жүзеге асырылған.

Айбек Сәттібаев, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары: «Бүгінгі күнге, қала тұрғындарын азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету мақсатында ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін «Бозарық» – индустриялық аймағы құрылуда. Сонымен қатар, мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, шығарылған өнімдерді тасымалдау және келетін тауарларды жан-жаққа жөнелту үшін сауда-логистикалық өңірлік хаб құру жұмыстары басталды».

Айта кетейік, Шымкент қаласының 2022 жылғы бюджеті 603 млрд.теңгені құрап, өткен жылдан 20 пайызға артып отыр.