Түркістан облысы бойынша шекара қызметі департаментінде ашық есік күні өтті

295

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Түркістан облысы бойынша шекара қызметі департаментінде «Ашық есік күні» өтті. Шекарашылар бөлімшесімен №88 орта мектептің жоғары сынып оқушылары танысты. Департамент қызметкерлері балаларға шекара әскерінің жұмысы мен техникаларын көрсетті.

Бұл – биыл шекара қызметі департаментінде ұйымдастырылып отырған алғашқы ашық есік күні. Ал іс-шара қонақтары – 10 сынып оқушылары. Әскери бөлімге экскурсия жасау, қару-жарақты өз қолымен ұстап көру мүмкіндігі – жас жеткіншектерді шекарада қызмет етуге ынталандыруы бек мүмкін. Офицерлер ашық есік күнінің басты мақсаты – жастарға шекара қызметінің маңыздылығын көрсету екенін айтады.

Дулат Алдарбаев, ҚР ҰҚК ШҚ Түркістан облысы бойынша департаментінің басқарма бастығы: «Біздің Түркістан облысы бойынша шекара қызметіне 2022 жылдың 12-желтоқсанына дейін 278 келісімшарт негізінде қызметке алынуда. Жастарды шекара қызметіне тарту жұмыстары біздің қорғаныс істері департаментімен бірге жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі таңда біздер 3 мыңға жуық жас сарбаздарды шекараға мерзімді қызметке алдық. 2021 жылы бізде 2500 адам шекара қызметіне мерзімді әскери қызметке шақырылса, биыл 3000-ға жуық сарбаздарды әскери қызметке шақыртудамыз».

Шекара қызметіне оқушылардың назарын аудару бағдарламасы кең көлемде дайындалған. Жасөспірімдерге атыс қаруының барлық дерлік үлгісі көрсетілді. Түрлі тапаншалар мен Калашников автоматтары және пулемет пен мергендік мылтықтарға дейін таныстырылды. Шекарашылардың қару жарақтары мен қажет жабдықтары оқушыларды бей-жай қалдырмағаны анық.

Мұхаммед Есіркеп, №88 ЖОМ 10-сынып оқушысы: «Мен бүгін өте керемет әсер алдым. Осында көзбен көрген бөлек, ал іс жүзінде сабақ жүзінде өткен бөлек. Бұл жерде мен керемет әсерде болдым. Себебі, өте керемет техникалар бар екен. Мен болашақта осындай әскери адам болғым келеді».

Іс-шара соңында шекарашылар арнайы бөлімшелерде өтетін дайындық жұмыстарын көрсетті. Оның қатарында – қоян-қолтық ұрыс техникасы, қызметтік иттің есірткі табуы және шекараны бұзушылар тобын басып алуға дайындық барысы бар. Шекарашылар департаментте ашық есік күнін енді жиі өткізіп отыру жоспарда екенін айтады.

Гүлдана Дәурен