Қала әкімі Мұрат Әйтенов Мемлекет басшысының арнайы құттықтау сөзі жазылған ашық хаты мен сыйлықтарын қалалық клиникалық балалар ауруханасында ем қабылдап жатқан бүлдіршіндерге табыстады. Сонымен қатар, №6 балалар арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының жұмысымен танысып, ерекше балаларға арналған «Президент шыршасы» жаңа-жылдық іс-шарасына қатысты.
Шымкенттік бүлдіршіндер үшін ерекше күн. Мегаполис бүлдіршіндеріне ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ашық хат пен сыйлықтар жолдады. Балаларға мемлекет басшысының аманатын қала әкімі Мұрат Әйтенов табыстады. Шаһар басшысы алдымен №6 балалар арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының жаңа жылдық іс-шарасына қатысты.
Қазіргі таңда орталықта жеке күтім және бақылауды қажет ететін 3 жастан 18 жасқа дейінгі психоневрологиялық ауытқулары бар балаларға 8 бағыт бойынша заманауи жабдықтармен оңалту және емдеу жұмыстары жүргізіледі. Мекеме стационарлық жағдайда 130, жартылай стационарлық жағдайда 100 қызмет алушыға арналған. Орталықта медициналық қызмет көрсетуден бөлек, емдік массаж, физиотерапиялық ем, психологиялық көмек көрсетіледі.
Балмаржан Нарбекова, Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқарма басшысы: «Жалпы «Балалар жылы» биыл, балалардың көңіл-күйі көтеріңкі болу керек. Аяз атаға хат жазады, өздерінің ниет-тілектерін жазады. Мекемелерде сол жұмыстар ұйымдастырылуда. Ал биылғы жылы әлеуметтік салада керемет сыйлықтың бірі – аутизммен ауыратын балаларға арналған «Қамқорлық» ММ ашылды. Ол 110 орынға арналған, қазіргі таңда 20 бала әлеуметтендірілуде ол жерде, өздерінің ем-домдарын алуда. Шымкент қаласының әлеуметтік саласына келер болсақ, бүгінгі таңда өте жақсы жұмыс көрсетілді деп айтсақ болады. Республикада үздік үштіктеміз».
Сондай-ақ, қала әкімі ел президентінің арнайы құттықтау сөзі жазылған ашық хаты мен сый-сыяпатын қалалық клиникалық балалар ауруханасында ем қабылдап жатқан бүлдіршіндерге де үлестірді.
Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі: «Президент атамыз «Балалар жылында» мені жіберіп отыр. Арнайы осы біздің балаларға араналдған ауруханада емделіп жатқан балаларды ұмытып кетпейік, оларды барып жаңа жылмен құттықта деп маған тапсырма берді».
Мөлдір Мамаева, Шымкент қаласының тұрғыны: «Бізге әкім мырза Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының сыйлықтарын алып кеп берді. Сіздерге көп рақмет!»
Мұрат Әйтенов аурухана ішін аралап, медициналық мекеменің тыныс-тіршілігімен танысты. Балаларға көмектің барлық түрін көрсететін заманауи көпсалалы клиника, материалдық-техникалық базамен 94,6% қамтылған. Ауруханада биыл соңғы үлгідегі ангиограф пайдалануға беріліп, заманауи зертханалық жабдықтар сатып алынды.
Аурухана 315 төсек орынға лайықталғанымен, онда тәулігіне 300-ден астам науқас келіп түседі. Бала санының өсуіне байлнысты медициналық мекемеге қосымша 200 орын салу жоспарланып отырған көрінеді.
Нұрлыбек Асылбеков, Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасының басшысы: «Алдағы уақытқа жоспарлар көп. Осы жылы перинаталдық орталықтың жобасы жобаланып жатыр. Жаңадан 200 орныдық. Университеттік клиника салынайын деп жатыр 800 төсектік. Мұның бәрі біздің мегаполиске үлкен жетістік».
Басқарма басшысы демалыс күндерге дайындық қызу жүріп жатқанын айтады. Сөзінше, алдағы күндері кезекшілік қатаң бақылауда жүреді әрі жедел жәрдем қызметі күшейеді.