Көктайғақ салдарынан жарақат алған 83 адам ауруханаға жүгінген

62

Шымкентте жауған қалың қар тұрғындарды біраз әбігерге салғаны анық. Өз кезегінде коммуналдық мекемелер күшейтілген режимде жұмысқа кіріскен. Олардың қатарында төтенше жағдайлар департаменті мен ауруханалардағы жарақат бекеттері де бар. Мысалы, күн суытқаннан бері бір ғана клиникалық ауруханаға түрлі жарақатпен 80 азамат дәрігерлердің көмегіне жүгінген.

Апта басында жауған жаңбырдың арты қарға ұласып, күннің күрт суытуынан көше жолдарындағы көктайғақтан жарақат алған адамдар саны артуда. Шаһардағы №1 клиникалық ауруханасының жарақат бөліміне келіп түскен азаматтардың басым бөлігі тайғақта аяқтары мен қолдарын сындырып алғандар.

Күн суытқаннан бері қалалық төтенше жағдайлар департаменті қауырт желіге түскен қоңыраулар бойынша таңертеңнен Нұрсәт, Тұран, Сәуле шағынаудандарында келеңсіз жағдайға тап болған көлік жүргізушілеріне көмектесті. Мамандар қалың қардың салдарынан қандайда бір қиыншылыққа ұшыраған қала тұрғындары 109 нөміріне хабарласуы қажет екенін айтады.

Дәрігерлер шымкенттіктерді жолда, аялдамаларда, қоғамдық және сауда орындарында аса мұқият болу керектігін ескертеді. Ал төтеншеліктер алдағы күндері аяз сақталатындығын ескертіп, жолға шыққанда көлік жүргізушілерін, жолаушыларды барлық қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырады.