Шымкентте мектепте берілетін ыстық тамақ сапасы бойынша өткен жылы 41 білім ордасына қатысты арыз-шағым түскен. Бұл туралы мегаполистің бас ұстазы Жанат Тәжиева мәлімдеді. Сөзінше, аталған мектеп басшыларына тиісті шара көрілген. Ал қазіргі таңда ыстық тамақты қадағалау толық ата-аналарға беріліпті. Яғни, арнайы құрылған комиссия оның сапасына өздері бақылау жүргізуіне болады.
Жанат Тәжиева, Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы: «Негізі Шымкент қаласында брокиражды комиссия жұмыс атқарады. Оның құрамында мектептің ата-аналары, қамқорлық кеңестері, белсенді қоғам мүшелері бар. Олар мектептің тамағын бақылауды өздері қолға алған. Егер ыстық тамақ тарапынан кемшіліктер орын алатын болса, олар ата-аналар арасынан шыққан белсенділердің жіберген олқылығы болып табылатынын айтқым келеді».
Айта кетейік, бүгінде үшінші мегаполисте 1-4 сынып оқушылары мен аз қамтылған отбасы балалары 100 пайыз, яғни 134 228 оқушы ыстық тамақпен қамтылған.