Жастарға 2,5 пайыздық кредит: Шымкентте 1 млрд, 305 млн, теңге бюджетте қаралған

24

Қазақстанда жастарға жеңілдікпен микрокредит беру ережесі бекітілді. Оған сәйкес, заң бойынша жастар санатына кіретін азаматтар өз кәсібін ашуға 2,5 проценттік кредит ала алады. 

Қазақстанда 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы іске қосылған. Соның аясында биылдан бастап жастарға жеңілдікпен микрокредит беру шаралары басталады.

Микрокредит кәсіпкерлік қызметті бастағысы келетін немесе кәсіпкерлікпен айналысатын 21 жастан 35 жасқа дейінгі азаматтарға конкурстық негізде беріледі.
Жеңілдетілген кредиттің шарттары:

номиналды сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 2,5%;

қарыздың ең жоғары сомасы – 5 миллион теңге (ол үшін кепілдік қою керек);

мерзімі – 5 жыл, ал мал шаруашылығы саласы болса, 7 жыл.

Сондай-ақ негізгі берешек пен сыйақыны өтеу бойынша жеңілдік кезеңі қарастырылған. Ол кредит берілген мерзімнің үштен бірінен аспауы шарт. Ал мүмкіндігі шектеулі азаматтарға кредит өтеусіз беріледі.
Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Жодасбеков  жеңілдетілген кредит беруге қатысты қабылданған шараларды баяндап берді: «5 млн – ға дейін кредит беру биыл алғашқы рет беріліп жатқандықтан 1 млрд. 305 млн. теңге бюджетке қойылды. Ол 261 азаматқа жетеді.  5  миллионға дейін жеңілдетілген кредит бизнес жобасына сәйкес беріледі. Ол 4 млн. да болуы мүмкін. Өтініштер электронды форматта  қабылданады. Келесі жылы одан да жоғары көлемде берілуі мүмкін».