Дархан Сатыбалды өңір әкімдеріне ескерту жасады

Биыл Түркістан облысында 35 жасқа дейінгі азаматтарға 2,5 пайызбен микрокредит беру мақсатында 2,9 млрд. теңге қаржы қаралып отыр. Ал халықты жұмыспен қамту үшін 110 мыңға жуық жұмыс орнын ашу жоспарланған. Кәсіп бастауға ниетті тұрғындар үшін 1688 грант беру көзделіп, ол үшін 2932,4 млн теңге бөлінген. Жалпы өткен жылы өңірде 22 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылған. Дегенмен, облыс әкімі халықты жұмыспен қамти алмаған аудан әкімдерін атап, оларды қатаң сынға алды.

Халықты жұмыспен қамти алмаған аудан, қала әкімдері облыс әкімнен ескерту алды. Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен жиында халықты тұрақты жұмыспен қамту мәселесі қаралды. Өңір басшысы халыққа жағдай жасай алмаған әкімдерді сынға алды.

Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: «Қағаз жүзінде деректер жақсы болғанымен нәтиже шамалы. Нақты жұмыс жоқ. Құр бос сөз, әңгіме. Кешенді жоспарда бекітілген жобалар да қағаз бетінде қалып қойған. Ауадан алып қойғансыздар. Оны жазған соң, жүзеге асыру керек. Бұлай болмайды. Қайтарымсыз грант – оңды-солды ақша үлестіру емес. Ол бір реттік көмек болып қалмай, әрі қарай дамуы керек. Пайдасы болуы қажет. Жұмыспен қамту үлесін арттыру, тұрғындарды кедейлік шегінен шығару – әкімдердің басты міндеті. Халықты жұмыспен қамту дұрыс орындай алмаған барлық әкімдерге ескерту берілсін».

Жалпы Түркістан облысында 120 мыңнан астам адам тұрақты және уақытша жұмыс орындарымен қамтылған. Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 жұмыс орнын құру» тапсырмасы бойынша жеке бастамалар шеңберінде 22595 тұрақты жұмыс орны құрылған. Халықты жұмысқа орналастыру рейтингі бойынша үздік үштікте Арыс, Отырар және Созақ аудандары болса, ең төменгі көрсеткіштер Мақтаарал, Қазығұрт және Жетісай аудандарында көрсетілген.

Әсия Темірбаева, Түркістан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы: «Бүгінгі таңда 53 700-дей тұрақты жұмыс орындарына, 31 мыңнан астам азамат субсидияланған уақытша жұмыс орындарымен қамтылды. 600-ден астам азамат қысқа мерзімді оқуға қатысып, жылдың соңы бойынша олар жұмыспен қамтылды. 2900 азаматқа бүгінгі таңға былтырғы жылдың есебімен қайтарымсыз грант ұсынылды. 2022 жылы жалпы 32 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары құрылды. Оның ішінде ұлттық жобалар шеңберінде 4199-ы жұмысқа орналасып, соның 91 пайызы міндетті зейнетақы жарнасы дәлелденді, яғни расталып отыр».

Биыл Түркістан облысында 109,7 мың жұмыс орнын ашу жоспарланған. Бұл – республика бойынша ең жоғарғы көрсеткіш. 2023 жылы өз ісін бастаймын деген тұрғындар үшін 1688 грант беру көзделіп, оған 2 932,4 млн. теңге қаржы бөлінген.

Ал өңірдің оңтүстік аудандарына грант алушылар есебінен кооператив құрып, тауық және мал шаруашылығы, құлпынай егу мен тігін өндірісі бағытында пилоттық жобаларды іске асыру жоспарланып отыр.