Өткен жылы Сайрам ауданында 8 суицид дерегі тіркелген

Облыста жасөспірімдер арасындағы суицид саны бойынша Сайрам ауданы бірінші орында тұр. Онда 8 адам өз өмірін қиюға тырысса, оның үшеуін құтқару мүмкін болмаған. Прокуратура мамандары мұндай қайғылы оқиғаларды болдырмау үшін халық арасында алдын-алу шараларын белсенді түрде жүргізу керек деп санайды. 

Сайрам ауданында қылмыс саны азайып келеді. Көрсеткіш 2021 жылмен салыстырғанда 27 пайызға төмендеген дейді аудан прокуроры. Бұған дейін өзекті болып келген алаяқтық қылмыстар саны 60 пайызға дейін төмендеген. Бұл тұрғыда алдын алу шараларының септігі мол дейді мамандар.

Дәулет Тілемісов, Сайрам ауданының прокуроры: «Барлық ведомстволардың қызметкерлері шалғай аймақтарға, ауылдарға барып, халықпен жұмыс жүргізеді. Себебі, шалғайдағы ауыл тұрғындары да қоғамда қандай қылмыс жасалып жатқанын және олардың алдын алу үшін не істеу керектігін білуі қажет».

Айта кетейік, мұндай акция аймақта алғаш рет өткізіліп отыр, дегенмен мамандар енді тұрғындар арасында алдын алу шараларын жиі өткізіп отыратын болады. Бұған себеп – аудандағы суицид санының артуы. Сайрам ауданы өз өзіне қол жұмсау дерегі бойынша облыста көш бастап тұр.

Гүлнар Қуанышбекқызы, Сайрам аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы: «Үшеуі қайтыс болған, бесеуі попытка болған, бірақ аман қалған. Қазіргі таңда ол балалармен жұмыстар жүргізіп, психологтар жұмыс жасап, іс-шараларға тартылып, секцияларға тартылып ол балалар».

Прокуратура қызметкерлері басты назарды жастарға аударып отыр. Жасөспірімдермен дәрігерлер, психологтар және қадағалау органының өкілдері кездеседі. Олар жастардың мәселесін тыңдайды, тіпті анонимді хабарлама жүйесі де жұмыс істейді.

Дәулет Тілемісов, Сайрам ауданының прокуроры: «Біз мектеп оқушыларына баса назар аударамыз. Себебі, жасөспірім қыз құрбысымен ұрысып, өмірмен есеп айырысуға бел буған жағдай орын алды. Абырой болғанда оны құтқарып қалдық. Біз әрбір адамға олардың өмірінің қымбат екенін жеткізгіміз келеді».

Енді тұрақты түрде өткізіліп тұратын мұндай акциялардың басты мақсаты – қылмыстардың санын азайта отырып, жастарды адал болуға тәрбиелеу дейді мамандар.