Шымкентте кәмелетке толмағандар арасында ұрлық жасау көбейген. Өткен жылдың өзінде ұрлыққа қатысы бар 33 баланың үстінен арыз түскен. Анықталғандай олардың көбі арнайы топ құрып, ересектердің жол сілтеуімен ұрлыққа барған екен.
Шымкентте кәмелеттік жасқа толмағандарға қатысты 80-нен аса қылмыстық іс қаралған. Оның 33-і жасөспірімдердің ұрлық жасауына қатысты болған. Қазір олардың 18-і түрлі жазаға тартылған.
Дәурен Сайханов, Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы: «Бізге 2021 жылы 80 іс келіп түссе, 2020 жылы да 80 іс қарадық, айырмашылық жоқ. Бізде қаралатын қылмыстық істердің көбісі ҚК-тің 191 бабы, яғни бөгденің мүлкін ашық түрде жымқыру, 188 бабы бөтеннің мүлкін жасырын түрде жымқыру бойынша істелген»
Сот төрағасының сөзінше кәмелетке толмағандардың көбі мұндай әрекетке баруын түсіндіре алмаған. Қазірге жасөспірімдердің арнайы топ құрып, бірлесе жұмыс істегені және оларды ересектер басқарып жүргені анықталған.
Дәурен Сайханов, Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы: «Жасы 20-дан асқан, студенттер немесе бір мектепте оқыған 3-4 курс студенттері сынды балалармен бірлесіп тонауға, ұрлыққа барады. Көбіне балалардың сот процесінде айтатын сөздері «білмей қалдым, бара салдым» дейді. Бірақ нақты текерген кезде сөз байласулар болады,кімнің сыртта бақылып тұратынын келісіп алады. Солай қылмыстық іске барғандары анықталды»
Айта кетейік, өткен жылы 10 іс бойынша жәбірленушілердің ақшасы толық өндірілген. Сондықтан арыз берушілердің кешіріміне сәйкес күдіктілерге жеңіл жаза қолданылыпты. Ал 11 балаға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалса, 3 жеткіншекке бостандығын шектеу жазасы беріліпті. Және 4 бала толық бостандыққа шыққан.