Қазақстан жосықсыз мердігерлерге жазаны күшейтеді. Бұл мәселе Сенат отырысында талқыланды. Депутаттардың айтуынша, қазір кейбір компаниялар айыппұлды елемей, сапасыз үйлердің санын көбейтіп жатқандықтан, тұрғындардан шағым көп түседі. Халық қалаулылары, жауапсыз мердігерлерге қатысты жазаны Қылмыстық Кодекс арқылы қарауды ұсынып отыр. Ал құрылысшылар одағы мәселені жан жақты зерделеп барып, жүйені өзгерту керек екенін айтады.
Шымкенттегі көпқабатты үйдің тұрғындары жауынды күндері, пәтерлерін су басып кететінін айтады. Бөлме қабырғасы ылғи да ылғалданып тұрғандықтан түсқағаздары ажырап, арасы көгеріп кетеді. Бұл үйді тұрғындар 4 жыл бұрын жалға алу бағдарламасы негізінде иеленген. Кейін сатып алу құқығымен, өз аттарына өткізген.
Бақыткүл Қосаева, жалғызбасты ана: «Міне, қараңыз терезеден кәдімгідей тоқтамай су ағады. Түсқағаздар да ашылып кетті міне. Көрініп тұр. Тіпті дала да көрініп тұр арғы жағынан. Келгенімізге 3-4 жыл болды. Қирап жатыр. Жөндеп жатқан ешкім жоқ. Осылай өмір сүре береміз бе?»
Сенат отырысында осындай сапасы нашар үй салумен айналысқан жосықсыз компанияларды жазалау шарасын ұсынды. Сенатор Бекбол Орынбасаровтың айтуынша Ақтауда салынып жатқан 10 үйге тұрғындар құрылысы бітпестен, орналасуға мәжбүр болған. Мұндай жағдай Алматы мен Астана қаласында да тіркелген. Ол үйлердің не құрылысы толық бітпеген, не инженерлік жүйесі іске қосылмаған.
Бекбол Орынбасарова, ҚР Сенат депутаты: «Кәсіпкерлік субъектілеріне ҚР Кодексігне сәйкес әкімшілік жауапкершілік көзделген. Алайда кейбір кәсіпкерлер құзырлы органдар тарапынан салынған айыппұлды елемейді де. Нәтижесінде құрылысы аяқталмаған үйге қоныстанған азаматтар су, жарық бойынша шағымдарын көп айтып келеді. Талабы орындалмаса, тұрғындар шеруге де шығып жатады»
Былтыр тұрғын үй құрылысы барысында 228 заң бұзушылық анықталып, олар әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Енді мердігер мекемелерге айыппұлды күшейтіп, тіпті қылмыстық жауапкершілікке тарту мәселесі көтеріліп жатыр. Ал құрылысшылар одағы бұл тәсілдің көмектеспейтініне сенімді. Олардың сөзінше Қазақстанға қала құрылысы кодексі керек.
Валерий Лакисов, «Қазақстан құрылысшылар одағының» төраға орынбасары: «Қала құрылысы кодексімен жұмыс сапасы айтарлықтай артады. Өйткені онымен жұмыс істеу оңайырақ болады. Қазір бізде құрылыс саласын реттейтін 2,5 мыңнан астам нормативтік құқықтық актілер бар, олардың көпшілігі бір-біріне қайшы келеді».
Құрылысшылар бұл Кодексті ағымдағы жылдың екінші жартысында қолданысқа енеді деп үміттенеді. Ал саланың дамуын содан кейін ғана талдап, болжауға болады.