Ордабасы ауданында жаңа кәсіпорындар ашуға басымдық берілмек

17

Ордабасы ауданында жұмыс орындарын көбейту, кәсіпорындар ашу және индустриалды аймақты дамыту жұмыстарына басымдық беріледі. Бұл туралы халықпен кездесуде Түркістан облысының әкімі айтты. Сонымен қатар инфрақұрылымды жақсарту да күн тәртібінен түспейтінін атап өтті. Қазіргі таңда табиғи газ жүйесімен қамту үшін 25 елді мекенде 30 газ нысанының құрылысы жүріп жатыр. Оған бюджеттен тиісті қаржы қаралған.

Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: “Ордабасы ауданының өндірістік мүмкіндігі жоғары. Индустриалды аймақтың инфрақұрылымын жақсартып, жұмысын күшейтеміз. Тұрғындар тарапынан көтерілген ауыз су мәселесін тікелей бақылауыма аламын. Біз бірінші кезекте елді сапалы ауыз сумен қамтуымыз керек. Газдандыру мәселесі де бақылауда тұр. Осы бойынша арнайы мәжіліс өткізіп, жұмысты жоспарладық. Қазіргі уақытта министрліктермен қажетті жұмыстарды атқарудамыз”.

Облыс әкімінің айтуынша, аудан тұрғындарымен былтырғы кездесулер нәтижесінде көптеген мәселе шешімін тапқан. 2022 жылы Шұбарсу елді мекеніне арнайы қаржы қаралып, 7581 абонент сапалы электр энергиясымен қамтылды.

Ал ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында 10 нысанның жұмысы қолға алынған. Бұдан бөлек, өткен жылы ауданда «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында тиісті қаржы бөлініп, Шұбарсу, Қажымұқан елді мекендерінде 2 мектептің күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. 2023-2025 жылдары аралығында «Жайлы мектеп» жобасы аясында 5 мектеп салу жоспарланып отыр.