Шымкент: Бәйдібек би-Арғынбеков жолайырығының 70%-ы аяқталды

117

Бәйдібек би даңғылы мен Ұ.Арғынбеков көшесінің қиылысындағы үш қабаттан тұратын жолайырықта құрылыс-монтаждау жұмысы жүріп жатыр. Қазіргі уақытта құрылыстың 70 пайызы аяқталған. Жол жыл соңына дейін кезең-кезеңімен ашылады деп жоспарланып отыр. Ал құрылысқа 200-ге жуық құрылысшы мен 40-тан астам техника жұмылдырылған.

Бәйдібек би-Арғынбеков жолайрығы қашан ашылады? Бұл айналма жол арқылы жүріп қажыған халықтың көкейіндегі сауал. Автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұқтар Қоқанбаев мамыр айында Ұ.Арғынбеков көшесінің 1 қабаты, яғни туннель арқылы өтетін жол ашылатынын хабарлады. Демек енді көліктер көше бойымен еркін қатынай алады. Ал қалған бөлігі кезең-кезеңімен аяқталады.

Мұқтар Қоқанбаев, Шымкент қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы: «Жаз айларында жұмысты тоқтатпай, қыркүйек айына дейін Бәйдібек биді толық ашсақ деп жоспарлап жатырмыз. Жолайрықтың екінші қабатындағы шеңбер іске қосылғаннан кейін, яғни көліктер Бәйдібек көшесімен де, Арғынбеков көшесімен де үздіксіз қатынай алады. Яғни, қыркүйекте жолайрық толық көлік қатынасына ашылады».

Ал Бәйдібек би даңғылы бойындағы көпірді іске қосу жылдың аяғына жоспарланған. Қазір онда күні-түні жұмыс істеп жатқан мамандар жолайрықты халыққа тапсыру үшін бар күшін салуда.

Нұрлан Нұрабаев, жол учаскесінің бастығы: «Объектіде 182 құрылысшы жұмыс істейді. 40 тың үстінде техника бар. Екі сменде жұмыс істейді, күндізгі және түнгі. Түнгі уақытта аздаған кедергілер бар, оның барлығын шешіп жатырмыз. Жоба бойынша,  құны12,8 млрд. Оның осы уақытқа дейін 8,6 млрд теңгесі игерілді. Енді қазір биылға, 4,1 теңге бөлінді».

Жобаның техникалық сипаттамасына сәйкес Бәйдібек би даңғылы бойынан 700 метр, Арғынбеков көшесі бойынан 921 метр аралық құрылыс аумағына енгізілген. Жолайрық толық аяқталып, пайдалануға берілсе көлік кептелісі біршама азяр еді дейді жауаптылар.

Мұқтар Қоқанбаев, Шымкент қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы: «Жалпы жолайрықтың мүмкіншілігі, ертең іске қосылғаннан кейін көлік өткізу қабілеттігі 4-5 есе артады. Яғни, осыған дейін 10 көлік жүретін болса, осыдан кейін 50 көлік жүретін мүмкіндік болады. Бұған дейін бұл қиылыстарда көп кептеліс болатын еді, тіпті, қыстың күндері жоғарыға шыға алмай қалатын кездер болатын. Енді мұның бәрі шешіледі».

Жалпы үшінші мегаполисте 5 жолайрық салу жоспарланған. Оның ішінде Қонаев-Рысқұлов жолайрығы аяқталып, пайдалануға берілді. Ал Бәйдібек би Арғынбеков жолайрығында құрылыс жүріп жатыр. Енді Сайрам мен Жібек жолы көшесінің қиылысында, Төлеметов пен Бәйдібек би даңғылының қиылысында, және осы жолайрықтың екінші кезеңі салынады. Бұл жоба арқылы қаладағы кептелісті азайту көзделіп отыр.