Түрмеде отырған әйелдерге баланы қалдыру мерзімі ұзартылады. Бұл туралы ішкі істер министрі Марат Ахметжанов мәлімдеді.
Бүгінде сотталған әйелдерге балаларымен үш жасқа дейін бірге болуға рұқсат бар. Барлығы Жауғаштыдағы коллонияда жазасын өтеп жүр. Министрдің айтуынша, сол жерде барлық жағдай жасалған. Әйелдер жұмыстан бос уақытта балаларымен бірге жүреді. Алайда үш жасқа толғаннан кейін балалар жақын туыстарына немесе балалар үйлеріне беріледі.
«Әлеуметтік байланысты сақтау мақсатында сотталған әйелдің бостандыққа шығуына бір жылдан аз уақыт қалса, 4 жасқа дейінгі балаларды қалдыруға мүмкіндік беретін норманы енгізу көзделіп отыр», — деді Ахметжанов сенаттың бүгінгі отырысында.
Министрдің айтуынша, биыл осы нормаға сотталған 5 әйел, келесі жылы 10 әйел ілігеді. Жалпы бүгінде 29 әйел баласымен бірге түрмеде отыр.
Сенат заңды бірден екі оқылымда қабылдады.