Жыл басынан 549,3 млрд. теңге зейнетақы төленді

31
фото Егемен

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпаратынша, елімізде 2 млн. 292 мың зейнеткер бар. 2023 жылғы қаңтардан бері республикалық бюджеттен 549,3 млрд. теңге зейнетақы төленді. Оның ішінде базалық зейнетақы – 168,7 млрд. теңге, ынтымақты зейнетақы – 380,6 млрд. теңге.

«2023 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша жиынтық зейнетақының орташа мөлшері 120 992 теңгені құрады. Соның ішінде ынтымақты зейнетақы мөлшері – 83 089 теңге, базалық зейнетақы – 37 903 теңге», – делінген хабарламада.
2018 жылдан бастап мемлекеттік базалық зейнетақы зейнетақы жүйесіндегі өтілін ескере отырып, әр зейнеткерге жеке тағайындалады.
Бұл ретте 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша ынтымақты жүйеде жұмыс істеген уақыты, сондай-ақ міндетті зейнетақы жарналары төленген кезеңдер зейнетақы жүйесіндегі еңбек өтіліне қосылады.
Егер азаматтың зейнетақы жүйесіндегі өтілі 10 жыл немесе одан аз, сондай-ақ мүлде жоқ болса, базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 60%-на тең болады. Содан кейін 10 жылдан асқан әр жыл үшін оның мөлшері 2%-ға артады. Ал егер өтілі 20 жыл болса, базалық зейнетақы төменгі күнкөріс деңгейінің 80%-ын құрайды. Еңбек өтілі 30 жыл немесе одан көп болса, күнкөріс деңгейінің ең жоғарғы мөлшерінде, яғни 100% белгіленеді.