Балабақша жабылып, 300 бала мен 50-ге жуық қызметкер далада қалды

95

Шымкенттік ата-аналар балалары баратын жекеменшік балабақшаның жабылуына қарсылық білдіріп отыр. Сөздерінше, бөбекжай басшысы аяқ астынан балабақшаны жауып, нысанды өзге мақсатқа пайдаланатынан айтқан. Сөздерінше, балаларды да, тәрбиешілерді де қожайын бір-ақ күнде қуып шығыпты. Енді ата-аналар 300 баланы қайда апарарын білмей дал. 

«Балалар далада қалмайды!» — «Басшымыз балабақшаны жауып, 300 бала мен қызметкерлер далада қалдық» деген Жамбыл атындағы жекеменшік балабақша ұжымы көтерген дауға қатысты қаланың бас ұстазы жауап берді.

Осыдан 10-шақты жыл бұрын мемлекетке тиесілі болған Жамбыл атындағы балабақшаның иесі кейінгі төрт жылда нысанды жалға беріп отырған. Ал жалға алушы енді ғана балабақшаның жұмысын дөңгелетіп жатқан кезде, нысан иесі кенеттен бөбекжайды жабу туралы шешім қабылдапты.

Айнұр Шора, ата-ана: «Мына жақта жер үйлер бар, мына жерде көп қабатты үйлер бар. Ол жердегі ата-аналардың балаларының бәрі осында келеді. Әр үйде бір баладан, төрт балаға дейін осы садикке келеді.»

Ата-аналар, 300 баланы бір күнде далада қалдырған кәсіпкер «неге көптің пікірімен санаспайды?» деп наразы.

Маржан Тұрғымбаева, ата-ана: «Басқа балабақшаларды айналдыра көріп шықтық. Ешқайсында орын жоқ. Қалай сонда? Біз қайда барамыз? . Мен понедельник қана дем аламын. Ал баламды қайда апарамын? Мен ғана емес, осы ата-ананың бәрі қайда апарады? Неге ойламайды?!»

Бүлдіршіндер ғана емес, бір күн ішінде 50-ге жуық бақша қызметкері де жұмыссыз қалып отыр.

Динара Қуатова, балабақша әдіскері: «Біздің жағдаймыз не болады сонда? Неге бұны түсінбейді? Келеді де, шығыңдар дейді. Келіп, өздерінің заңдарын орнатады. Неге? Заң қайда? Әділдік қайда сонда? Біздің құқымыз қайда сонда?»

Жалға алушы мен нысан иесі арасында биыл жыл соңына дейін балабақшаны пайдалану туралы келісімшарт жасалған екен. Талап бойынша оны бұзу үшін бір ай бұрын ескерту қажет. Жауаптылар болса, келісімді бұзған кәсіпкердің әрекетін енді ғана білгендерін айтады. Сөздеріне сүйенсек, балалар далада қалмайды.

Жанат Тәжиева, Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы: «Сол балабақшаның жанында 6 мемлекеттік, 8 жекеменшік балабақша бар. Ол жерлерде бүгінгі таңда балаларды қабылдау мүмкіндігіне ие болып отыр. Оның үстіне 25-мамыр күні тағы да орындар босайды.»

Білім басқармасындағылар бір күнде жұмысынан айрылған қызметкерлер өзге балабақшаларға еңбекке тартылады дейді. Ал балабақшаны жаппақ болған кәсіпкермен байланысу мүмкін болмады.