«Бизнесті дамытып, халықтың табысын арттыру керек». Әлеуметтік экономикалық мәселелер жөнінде кеңейтілген кеңес өткізген президент осындай тапсырма берді.
Алқалы жиынға министрлер мен аймақ басшыларын айтпағанда, аудан әкімдері мен мәслихат депутаттарына дейін қатысты. Қасым-Жомарт Тоқаев оларға шатқаяқтаған экономиканы дамытып, жұрттың тұрмысын арттыру үшін атқарылуы тиіс сегіз бағытты айқындап берді.
Былтырдан бері елімізде саяси реформалар жүзеге асты. Референдум өткіздік, президент пен депутаттарды сайлап, Үкіметті қайта жасақтадық. Енді шұғыл түрде әлеуметтік, экономикалық мәселелерді шешу қажет. Себебі халықтың табысы төмендеп, қымбатшылық қысып барады. Мәселен биыл инфляция рекордтық көрсеткіш 21,3 процентке жетті,- деді президент.