Шымкентте алименттен қашып жүрген 58 әке жазаға тартылды

143
Алимент

Шымкентте алимент төлеуден қашып жүрген борышкер әкелер жазаланып жатыр. Қалалық прокуратура алимент өндіру туралы сот орындаушылар қозғаған атқарушылық іс жүргізулердің орындалу заңдылығына тұрақты түрде талдау жұмыстарын жүргізуде.

Нәтижесінде алимент төлеуден жалтарып жүргендер әкімшілік және қылмыстық жауаптылыққа тартылуда. Жыл басынан бері 58 борышкер әкімшілік жауаптылыққа тартылған. Оның 18-і әкімшілік қамаққа алу, ал 40 әке әкімшілік айыппұл төлеу түріндегі жазаға тартылды.
Сонымен қатар прокуратура тарапынан «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» заңның мәжбүрлеп орындауға бағытталған шаралардың толық қабылдануы қамтамасыз етілуде. Соның аясында алименттен жалтарып жүргендерді  Қылмыстық кодекстің 139-бабының талаптарына сәйкес қылмыстық жауаптылыққа тарту бағытында жұмыс жүргізілуде. Мәселен, биыл алимент төлемеген 3 борышкерге қатысты сот үкімі шығып, оларға 1 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалды.
Одан бөлек, борышкерлерге қатысты 2 қылмыстық істі қазіргі таңда Шымкент қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қарауда.
Қылмыстық қудалау органдары алимент төлемеген борышкерлерге қатысты 4 қылмыстық іс бойынша тергеп-тексеру амалдарын жүргізіп жатыр.