«Жүргізуші автобусты “ручникке қойды ма, жоқ па“? Мұның жауабын тергеу қорытындысынан кейін ғана нақты айта аламыз» — М.Қоқанбаев

512

Шымкентте 6 адамды қағып кеткен №21 бағыттағы автобустың жүргізушісі көліктің қол тежегішін қоспағаны туралы ақпараттың анық-қанығы тергеу қорытындысынан кейін ғана мәлім болады. Мұны Шымкент қаласы жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұхтар Қоқанбаев айтты. Мұны Telegram-дағы Otyrar QAZ арнасы хабарлады

— Кешегі болған жағдайға байланысты тергеу жүріп жатыр. Тергеу жұмыстарының нәтижесін күтейік. Айтайын дегенім — тергеу нәтижесі біткен кезде нақты айта аламыз: ручникке қойды ма, жоқ па? Жүргізуші кінәлі ма, автобустың техникалық жағдайы кінәлі ма? Мұның нақты жауабын тергеу нәтижесінен кейін айта аламыз, — деді М.Қоқанбаев.

Бүгін Шымкенттің «Диспетчерлік қызмет орталығында» қаладағы жолаушы тасымалдаушы компания басшыларының арнайы жиын өтті. Оған қаладағы тасымалдаушы компания өкілдері қатысты.
Сол жиында № 21 бағыттағы автобусқа иелік ететін Shymkent BUS тасымалдаушы компаниясының директоры Азат Қайыпбек: «Жүргізуші автобусты сөндірмеген, қол тежегішін қосып қойғанына көз жеткізбеген. Автобусты сыртынан құлыптап, дәретханаға шығып кеткен. Автобус адамдарды соғып болып тоқтаған кезде артынан жүгіріп келіп, қол тежегішін тартып қойған» деген еді.

Кеше, 8 сәуір кешкі сағат 18:30 шамасында «Метро» сауда үйінің жанындағы екі көшенің қиылысында жүргізушінің басқаруынсыз қалған автобус қарсы бағытқа шығып кетіп, жаяу жүргінші жолағында тұрған 6 адамды қағып кеткен.

5 адам көз жұмды, 1 адам ауруханада жатыр.