Ауыз суға жарымай отырған ауылдардың қатары аз емес

54
Ақсукент, ауызсу

Республикадағы 1 395 ауылды 2025 жылдың соңына дейін ауыз сумен қамту жоспарланып отыр. Бұл туралы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев мәлімдеді.

«Бүгінгі таңда 6 295 ауылдың 4 900-і ауыз сумен қамтамасыз етілген. 1 395 ауылдың ауыз су мәселесін 2025 жылдың соңына дейін шешу жоспарланып отыр», — деді министр үкімет отырысында.

Қарабаевтың айтуынша, қалған ауылдардың 69%-і, яғни 963-і халқы аз елді мекендерге жатады. Оларға бюджет қаражатын тиімді пайдалану мақсатында жергілікті бюджет есебінен кешенді блок модульдер орнатылады. Индустрия министрлігі арқылы 391 ауылда орталықтандырылған сумен жабдықтау құрылысы қамтамасыз етіледі.

Айтуынша, бүгінде жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуді талап ететін 126 ауылдың тек 59-ы бойынша жұмыстар жүргізілуде. Қалған 67 ауыл бойынша жұмыс әлі басталмаған.