Балалар күніне орай 18 отбасыға көмек көрсетілді

52

Көпбалалы ана Динара Янгибаева бүгінде жұбайымен бірге 5 перзентінің тәрбиесімен айналысып отыр. Бірнеше жыл бұрын келіншектен онкоауру анықталып, үлкен сынақты басынан өткерген болатын. Десек те отадан соң жағдайы жақсарып, қазіргі таңда дәрігерлердің нұсқауымен белгіленген ем-домды қабылдап жүр екен.

Динара Янгибаева, көпбалалы ана: «Мен 5 бала-шағаның мамасымын. Үкіметке, демеушілерге рахмет, бізге көмек бергеніне. Өзім негізі онкологиялық дертпен ауырамын. Түгел анализ өтемін. Қызым да көзілдірік киеді. Оны да апарамын соған. Ол демеушілерге де рахмет үлкен, Алла разы болсын».

Қиын жағдайда қалған отбасыларға қол үшін беру бүгінгі өткізілген шараның негізгі мақсаты. Қалада мұндай отбасылар жетерлік, сондықтан осы лектегі қайырымдылық жобаларды жиі өткізу қажет дейді ұйымдастырушылар.

Ақмарал Қарабекова, «Сапа» медициналық зертханасының Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша өңірлік – аймақтық басшысы: «Біз Шымкент қаласындағы «Сапа» әлеуметтік медициналық зертханасы тарапынан 18 отбасыға көмек қолын созып отырмыз. Жылдың соңына дейін көмек көрсетуге, өзіміздің жобамызды осы қоғаммен бірге бірлесіп жасауға дайын екенімізді айтуға келдік. Шымкент қаласында  18 отбасыға үкімет тұрғысынан сақтандыру қоғамдарының тұрғысынан көмек көрсетілген. Дегенмен анализдерінің ішінен өздері ақылы түрде өту керек болған анализдерді біз өз жобамыз арқылы оларға тегін көмек ретінде көрсетуге әзірміз».

Бүгінгі іс-шарада аз қамтылған отбасыдан шыққан балаларға арнайы қажетті тауарлар таратылды. Сонымен қатар түрлі аниматорлар мен сахна жұлдыздары өнер көрсетті.

Ақниет Абдықадырова, Шымкент қаласы кәсіпкерлер палатасының адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы: «Мұндай іс-шаралар жылына бірнеше рет ұйымдастырылып отырады. Бұл жерде қала кәсіпкерлері көптеген қолдаулар көрсетеді. Бұл өте қуантады. Бүгінде 70-тен аса балаға сыйлықтар, түскі астар өздеріңіз көріп отырғандай үлкен көңіл-күй сыйлауда».

Шара соңында жиналғандарға арнап ақ дастархан жайылып, түскі ас берілді.

Диана Біржанова