Үшінші мегаполисте көкпардан жастар арасында ел чемпионаты басталды. Сайысқа әр өңірден 17 команда мен 200-ден аса спортшы қатысып жатыр. Ал үздік атанған қатысушылар ұлттық құрама сапына енеді.
Шымкентте даланы тұлпарлар тұяғының дүбіріне бөлеген көкпардан жастар арасындағы 17 ҚР чемпионаты басталды. Жарыста еліміздің әр өңірінен 17 команда бақ сынайды. Жаттықтырушылар жас спортшылар мен тұлпарлардың дайындығы жоғары деңгейде екенін айтады.
Нұркен Байбөриев, Ұлттық ат спорт түрлерінен ҚР мемлекеттік жаттықтырушысы: «Өте сапалы жарыс өтіп жатыр. Қазір жастар арасындағы чемпионат бұрынғыға қарағанда аттары да, спортшылар да өте жақсы дайындықпен келеді. Бір қуантарлығы жаңадан ашылып жатқан Ұлытау мен Жетісу облысының командасы өте жақсы өнер көрсетіп жатыр».
Ел чемпионаты үздіктерді іріктеу алаңы. Себебі сайыста жүздек жүйрік шыққан спортшы ұлттық құрамаға енеді. Сонымен қатар, ерекше бапталған көкпар аттары да осы жерде таңдалып алынады.
Данияр Мыңбаев, Шымкент қаласы ұлттық ат спорты клубының директоры: «Жаңа ипподромда ел чемпионатын өткізіп жатырмыз. Бұл жерде жеңімпаздарға Ұлттық спорт қауымдастығының арнайы дайындаған жүлдесі бар. Бұл жарыстың маңыздылығы ұлттық құрама жасақталады. Еліміздің атынан шетелге барып, халықаралық жарыстар, Азия чемпионатына қатысатын спортшыларды іріктеп алады осы жарыста»
Ұлттық ат спортынан кезекті бәсекеге 200-ден аса спортшы қатысып жатыр. Олар 4 топқа бөлініп, өз арасында ҚР чемпиондығын сарапқа салады. Ал ақтық сайыс 11 мамыр күні өтеді.
Көкпар дегенде делебесі қозып, бәйгеге түсер тұлпардай болатын қазақты осы ұлттық спортсыз елестету мүмкін емес. Айта кетейік, Шымкентте ұлттық спорт түрімен шұғылданатын азаматтар саны артып келеді. Мегаполисте ұлттық спорт түрлерін насихаттап, дамыту мақсатында Шымкент қаласының ұлттық және ат спорт түрлері бойынша кешенді спорт клубы жұмыс істеп келеді.