Қазақстандық компаниялар өнімін Қытайға экспорттай алады

35

Президенттің Қытайға мемлекеттік сапары аясында Қазақстан мен Қытайдың ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастығына қатысты бірқатар құжатқа қол қойылды.

Қазақстан Ауыл шаруашылығы министрлігі мен ҚХР Бас кеден басқармасы бұршақ, жасымық, күнбағыс тұқымы, соя, мақсары мен зығыр тұқымын, сондай-ақ су өнімдерін  яғни, балық жеткізу бойынша 3 хаттамаға қол қойды. Кедергілерді жою және екі елдің арасындағы ветеринариялық және фитосанитариялық талаптарды келісу жұмыстары жалғасып жатыр.
«Қазіргі уақытта Қазақстанда Қытаймен бидай, зығыр тұқымы, арпа, жоңышқа, жүгері, бал, жүн, сүт өнімдері, сиыр еті, қой және шошқа еті және басқаларын қоса алғанда, өсімдік және мал шаруашылығы өнімдерінің 23 түрін экспорттау бойынша қол қойылған хаттамалар бар», – деп хабарлады Ауыл шаруашылығы министрлігі.
Бүгінгі таңда Қытайға агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің тағы 11 түрін: картоп, қызылша целлюлозасы, рапс, сұлы және жарма, бие сүті, құс еті және құс өнімдері, жылқы еті, салқындатылған сиыр еті, қой еті және шошқа етін экспорттауға қойылатын ветеринариялық және фитосанитариялық талаптарды келісу мүмкіндігі пысықталып жатыр.
Қазір Қытай нарығына экспорттауға құқығы бар кәсіпорындардың тізілімінде 1718 қазақстандық компания бар.