Шымкентте биыл 12 мектептің құрылысы жүргізіледі

78
Қазір білім мекемелеріндегі жұмыстарды ертерек аяқтауға қаражат бөлінген

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Ұлттық жобаның алғашқы кезеңі биыл жүзеге асырылады. Шымкентте 2023 жылы 17 300 орынға арналған 12 мектептің, ал келесі жылы 20 400 орындық 13 мектептің құрылысы басталады.

«Жайлы мектеп» аясында бой көтеретін білім нысандарының басты ерекшелігі — оның жабдықталуында. Оқушылар мен педагогтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ғимараттар бейнебақылауға алынып, дыбыстық хабарлау жүйесі орнатылады. Ал, террористік қауіптің алдын алу үшін есіктер мен блоктарды бұғаттау функциясы да ойластырылған,— дейді Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы.

Жанат Тәжиева, Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы: «Биыл төрт мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Сонымен бірге  екі балабақшаның ғимаратында, бір колледждің жатақханасында, арнайы интернат пен орталығында  күрделі жөндеу  бойынша жобалық-сметалық құжаттар  әзірленді. Құрылыс басталып кетті».

Әр мектептің жеке кітап қоймасы, оқу залы, электронды кітапханасы мен ғимараттың әр қабатына коворкинг аймағы болады. Ал, әмбебап шеберханалар, бастауыш кәсіптік білім беруге арналған кабинеттер оқушыларды бейіміне қарай білім алып, машығын шыңдауға мүмкіндік бермек.

Айта кетейік, мектептер пайдалануға берілгенге дейін оған қатынайтын автомобиль жолдары, автотұрақтар, қоғамдық көлік бағыттары мен аялдама, тротуар, орамішілік жарықтандыру мәселелері де толығымен шешіледі.

Шымкент қаласында мемлекеттік білім беру бағдарламасы табысты жүзеге асып жатыр. Бүгінде үшінші мегаполисте салынып жатқан білім бесіктерінің артықшылықтары көп. Онда STEM-кабинеттері, шахмат бұрыштары, еңбек шерберханалары жабдықталады. Бұдан басқа да оқушылар үшін барлық жағдай жасалған.