Шымкентте екі канал күрделі жөндеуден өтіп, 40 көшеге су беріледі

66

Шымкент қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы алдағы 5 жылда көшелерді көркейту мен тазалығын қамтамысыз ету үшін ауқымды жоспар құрды. Басқарма басшысы БАҚ өкілдеріне аталған жоспар аясында нақты қандай жұмыстар атқарылатынын көрсетті. Жалпы 2027 жылға дейін бұл бағытқа бюджеттен 70 млрд теңгеден аса қаражат бөлініп отыр.

Шымкентте қаланы бөліп өтетін негізгі екі каналды күрделі жөндеуден өткізу жоспарланып отыр. «Шымкент Сушар» мекемесі бұл жұмысты алдағы 5 жылғы жоспарға енгізген. Жауаптылардың сөзінше, құрылыс толық аяқталған кезде орталықтағы 40 көшеге су беруге мүмкіндік туады. Айта кетейік, жоба жұмысы 4 кезеңге бөлінген.

Ербол Бесбаев, «Шымкент Сушар» МКК директоры: «Қаланы бөліп өтетін екі канал бар. Біреуі орталықты бөліп өтетін Жаңашек, біреуі Шымкент каналы. Қазір Жаңашектің 7 км бетондалған. Қазір су беріліп, арықтармен жайлап түсіріп жатырмыз. Оның бәрі келіп Тәуке ханға тіреліп, олар жиналып Қошқар атаға келіп, қаланың сыртына шығып кетеді. Енді екінші кезеңде қалған 4 км күрделі жөндеуден өтсе, бізге ары қарай да мүмкіншілік туады».

Жалпы мегаполис бойынша шаруаларға жылына 107,2 млн м3 су беріледі. Ал су қоймалары 66,204 млн м3 су жинауға мүмкіндігі бар.

Шымкент қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының басшысы Ержан Жолдасовтың сөзінше, алдағы 5 жылда қаланы көркейту бағытында да бірқатар жұмыстар атқарылады. Ол үшін бюджеттен 70 млрд теңгеден аса қаражат бөлініп, нақты жоспар түзілген. Бекітілген 5 мердігер мекеме шаһардың тазалығы мен көгалдандыруына жауапты.

Ержан Жолдасов, Шымкент қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының басшысы:
«Біз 2028 жылға дейін, яғни 5 жылға 5 ауданға мемлекеттік жеке әріптестікпен 5 мердігер өткіздік. Қазір парктедің бәрі таза болып қалды деп жатыр, осы кісілердің арқасы. Олардың негізгі жұмысы магистральді көшелер. Олардың тазалығы тал егуі бәрі соған кіреді. 5 жылға 70 млрд тан аса қаражат бөлінді».

Айта кетейік, биыл көшелерге 102 мың дана жапырқты ағаш көшеттер егу жоспарланған. Сондай-ақ 750 мың дана біржылдық гүл мен 1 млн қызғалдақ отырғызылады.