Шымкентте қоғамдық автобустан өрт шықты

591

Шымкентте жолаушылар тасымалдайтын №150 бағыттағы қоғамдық көліктен өрт шықты. Оқиға бүгін, 15 маусымда сағат  20:00 шамасында Тәуке хан даңғылының бойында орын алған.

Куәгерлердің айтуынша, өрт автобустың тежегішінен шыққан. Жұмыс күні  аяқталып, автобус паркіне бағыт алған автобус жол бойында түтеп, өртене бастаған. Жолдан өтіп бара жатқан өзге қоғамдық көлік жүргізушілері өрт сөндіргіш құралын алып, жаппай көмекке келіпті. Осылайша дер кезінде жалынды ауыздықтаған.

“Егер өзге автобустар болмағанда өртті сөндіру қиын болатын еді. Өйткені бір өрт сөндіргішпен сөндіру қиын. Бәрі жабылып жүріп әрең тоқтатты”,-дейді видеоны редакциямызға жолдаған оқиға куәгері.

Көп ұзамай оқиға орнына өрт сөндірушілер келіп, тілсіз жауды толық сөндірген. Әзірге Төтенше жағдайлар департаменті тарапынан автобустағы өртке қатысты ақпарат берілмеді.