Шымкентте үздік тауарлар көрмесі өтті

38

Шымкентте үздік тауарлар көрмесі өтті. «Қазақстанның үздік тауары – 2023» өңірлік байқауы аясында ұйымдастырылған бұл шараға 70-ке жуық тауар өндірушілер қатысқан. Олар өз өнімін қала тұрғындарына ұсынды.

Мадина Қабай, Qut-Bereke qurylys компаниясы басшысының орынбасары:
«Өте әйгілі және бізге қолайлы болды жасауға, келесі жолы енді бәйтеректі жасауға ниеттеніп отырмыз».

Жәрмеңкеде тұрмыстық тауардың көптеген түрін сатып алуға болады. Мұнда тұрғындар назарына оқу орындарына қажетті үстел мен орындықтар, кереуеттің де сан түрі ұсынылған.

Шыңғысхан Раушанов, «Шымснаб» кәсіпорнының өкілі: «6-шы және 11 — сыныпқа дейін көтеріліп түсе береді, мекеменің ашылғанына 10 жыл болды, бізде инвестиция болмаған,осы дәрежеге өзіміз жеткенбіз».

Ал үнді елінің азаматы Ашвани Шарма жәрмеңкеге келгеніне қуанышты. Шетелдік студенттің айтуынша, Үндістанда да осындай тауарлар жәрмеңкесі жиі өткізіледі екен. «Бірақ Қазақстандағы азық-түлік өнімдері мен ұлттық киім-кешек жәрмеңкесі ерекше көңіл-күй сыйлайды»,- дейді ол.

Ашвани Шарма, шетелдік студент: «Бізде Үндістанда осындай жәрмеңкелер жиі болып тұрады. Қазақстанның тұрмыс-тіршілігі, тағамдары көңілімнен шығады. Мұнда құрт, балық, ет барлығы бар. Бұл өте керемет деп ойлаймын».

«Рахат-Шымкент» кондитерлік өнімдер фабрикасы биыл бұл көрмеге екінше рет қатысып отыр. Бұл жолы олар азық түлік өндірісі бойынша үздіктердің қатарына енді.

Жұлдыз Рахымбекова, “Рахат-Шымкент” ЖШС-нің директоры: “Мұнда барлық кондитерлік өнімдерімізді алып келдік, биыл екінші рет қатысып отырмыз. Былтыр «Алтын сапа» конкурсының лауреаты болғанбыз”.

Айта кетейік, жеңімпаздар жыл соңында Астана қаласында өтетін «Қазақстанның үздік тауары-2023» республикалық байқауына қатысып, өңір намысын қорғайды.