Өмірді сүюді үйрететін туынды…

82
фото Азаттық рухы

Бүгін Жәмилә Бахтиярқызы өзінің алғашқы кітаптарының тұсаукесеріне шақырып жатыр екен. Әр кітаптың айтар сыры ғана емес, өзгеше тағдыры болатыны белгілі. Жәмилә – тым жас автор. Оның, тіпті сарғайып кітап жазып отыратын мезгілі емес.

Балалықтың уайымсыз кезінде «Он жаста орда ойнаған лақтайсың, Он бесте жардан аққан бұлақтайсың»,- деп жыраулар толғағанындай, ойдан гөрі, ойынға, толғаныстан гөрі айнаға қарап шашын тарайтын шағында төсекке таңылып жатып, өмірге деген құштарлығын қаламының ұшына төге білген қайсар жан.
Жәмиләнің «Бәйшешек» атты естелік жанрында жазылған шығармасы жас өспірімдерге өмір сүруді, өмірді сүюді үйрететін туынды. Біз жас кезімізде, біздің тұрғыластар есінде болар, Николай Островскийдің «Құрыш қалай шынықты?», Войничтің «Бөгелек» романдарындағы қиын тағдырлы кейіпкерлерге еліктеп өстік. Павел Корчагин мен Артур -Бөгелектің өмірге деген құлшынысына тәнті болатынбыз. Солардай болу үшін алдымыздан бір қиындық кездесуін тілегеніміз де рас.
Ал, бүгінгі жасөспірімдер үшін үлгі болатын қарапайым да, қайсар кейіпкер – Жәмиләнің өзі. Ерлік жасау үшін тек өмірді сүю керектігін үйретеді. Ерлік – өз өміріңдегі кездескен үлкенді-кішілі кедергілерге қарсы тұра алатын өз бойыңнан қуат табу екенін Жәмилә насихаттамайды, жай ғана ескертеді. Себебі оның әрбір сөзі, ойдан шығарылған қиялдағы оқиға емес, өзінің басынан өткерген сәттері. Оны қалай қабылдағаны, алдағы жақсы күндерден күдер үзбеген үміті, айналасындағы жақсы, жақын жандардан алған жылуы айтылады.
Кез келген уақытта бойынан күш кетіп, әлсіреп бара жатқанында да сол үміт, сенім оны тастамайды, ол соның қанатынан ұстап тұңғиықтан шығып отырады. Өмірдің материалдық қиындығына шыдамай өмірлерін оп-оңай қия салатын жандарға Алланың өзі кешірім жасамайтын себебін Жәмиләнің өмірге деген сүйіспеншілігінен ұғуға болады. Ол өзіне берілген ауыр сынаққа ешкімді кінәламайды, ешкімге арыз айтпайды, тек күреседі, жеңіс болатынына сенеді. Сол ауыр дертпен күресе жүріп мектепті «Алтын белгіге» аяқтауы – оған Алланың өзі разылық білдіргені деуге болады. Жәмилә бір сәт те өмірден түңілмеген. Осы бір қасиет бүгінгі әрбір жасқа керек қасиет. Жәмиләнің «Бәйшешек» кітабын мектеп жасындағы барлық балаларға оқытып, үлкен талдаулар жасату қажет. Бұл кітап – өмірді сүюге үйрететін жас қаламгердің жігерлі үні.
Жанымгүл Камалқызы