Д. Сатыбалды жетісайлық тұрғындармен кездесті

51

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Жетісай ауданы тұрғындарымен кездесті. Облыс басшысы биылғы 6 айдың қорытындысы бойынша атқарылған жұмыстар жайын баяндады. Сұрақ-жауап кезеңінде тұрғындардың өтініштерін тыңдап, тиісті жауаптыларға тапсырма берді.

Жетісай ауданында 6 ай ішінде 1,8 млрд. теңгеге құрылыс жұмыстары атқарылды. Былтыр негізгі капиталға 15 млрд. теңге инвестиция бағытталса, биыл жарты жылдың қорытындысымен 9,7 млрд. теңге инвестиция тартылды. Шағын және орта бизнес саны 5 жылда 19 мыңнан асты. Өндірілген өнім көлемі 126,5 млрд. теңгені құраған. Ауданда жаңа өндірістік кәсіпорындарды ашу мақсатында индустриалды аймақ құру үшін қазіргі таңда тиісті жұмыс жүргізілуде. Бұл туралы облыс әкімі Дархан Сатыбалды Жетісай ауданы тұрғындарымен кездесуде баяндады.

Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: «Тұрғындарды табиғи газбен қамтамасыз ету үшін жаңа автоматтандырылған газ тарату станцияларын іске қосамыз деп жоспарлап отырмыз. Жетісай қаласында дене шынықтыру кешенінің құрылысы жыл соңына дейін аяқталады. Ауыз су жүйелерін жаңғырту мақсатында құрылыс монтаж жұмыстары басталды. Кейбір мәселелерді шешу үшін бюджеттен қаржы қарастыру кезінде қосымша уақыт талап етеді. Көтерілген сұрақтардың барлығы өз шешімін табатын болады».

Дархан Сатыбалды тұрғындарды мазалаған өзекті мәселелерге баса назар аудара отырып, ел дамуындағы жаңа бағдарламалардың негізгі бағыттарын түсіндірді. Жиынға келгендер өздерін толғандырған сауалдарды сұрақ-жауап кезеңінде жеткізді. Өз кезегінде облыс әкімі көтерліген мәселелердің шешу жолдарын айтып, тиісті жауаптыларға тапсырма берді.

Кездесуде облыс әкіміне Жетісай ауданының тұрғындары түрлі ұсыныстары мен пікірлерін айтып, өтініштерін жеткізді. Сондай-ақ жеке қабылдауда да өзекті мәселелер көтерілді. Айта кетейік, облыс әкімінің халықпен кездесулері өзге де аудан-қалаларда жалғасын табады.