Президенттік жастар кадрлық резервіне іріктеу басталды

105

Ертең Президенттік жастар кадрлық резервіне іріктеуге құжаттар қабылдау басталады. Аталған жобаны 2019 жылы мемлекет басшысы сайлауалды бағдарламасында ұсынған болатын. Мұндағы мақсат – жастардың өз саласында жетістікке жетуіне жағдай жасау. Себебі бұл резервке өткен азаматтар лауазымы жоғары әрі мансапты қызметтерге тағайындалатын болады.

Аянай Раева Президенттік жастар кадрлық резервінің алғашқы іріктеуіне қатысушылардың бірі. Сыннан сүрінбей өткен ол, бүгінде жоғары лауазымда қызмет етеді. 2019 жылы аталған бағдарламаға өзінің әлеуметтік жобасын ұсынып, 300 қатысушының арасынан іріктеліп алынған болатын. Жастардың мансап жолында жетістікке жетуіне осы жобаның маңызы зор дейді ол.

Аянай Раева, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының орынбасары: «Алғаш жоба туралы естіген кезде осы департаментте маман лауазымын атқарып отырғанмын. Сонымен іріктеу кезеңдерінің барлығын қызық көрдім. Жалпы жобаға қатысқым келді. 2019-да құжат тапсырдым. Барлық кезеңдерден іріктеліп өтіп, 300 азаматтың қатарына ендім. Сол жоба арқасында департамент орынбасары лауазымы бос болып тұрған еді. Ұсынды. Қабыл алдым. 2019 жылдан бері сол лауазымды атқарып келемін».

Президенттік жастар кадрлық резервіне қатысу үшін міндетті түрде ҚР азаматтығы, жасы 35-тен аспаған, жоғары білімді, 5 жылдық еңбек өтілі, мемлекеттік тілді жетік білу және бекітілген емтихандардан өтуі қажет. Бүгінде аталған жобада өзінің бағын сынап, оған қатысуға ниет білдіруші азаматтардың бірі Әзімхан Исабек. Гуманитарлық ғылымдар магистрі, мұхтартану ғылыми-зерттеу орталығының білікті маманы да іріктеуге құжат тапсырып, емтихандарға дайындалуда.

Әзімхан Исабек, М.Әуезов атындағы ОҚУ “Мұхтартану” ғылыми-зерттеу орталығының жоғары білікті маманы, гуманитарлық ғылымдар магистрі: «Президенттік жастар резервіне қатысқалы жатырмын. Кандидаттың бірімін. Әлеуметтік сала бойынша бақ сынағалы отырмын. Өйткені Абай атамыздың керемет сөзі бар ғой «сенде бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан» деген. Қоғамның кетік жеріне кірпіш боп қалану керек деп ойлаймын әрбір елдің азаматы. Осы жобада менде бақ сынап, алдағы уақытта осы жеңіс тұғырынан көрінеміз деген ниеттеміз».

Жастар резервінің арқасында білікті жас кадрлар мемлекеттік басқару және квазимемлекеттік сектор жүйесінде басшылық қызметке тұруға бірегей мүмкіндік алады. Саясаттанушылардың айтуынша, бұл жаңашылдық ел жастарының мықты маман ретінде қалыптасып, білімі мен тәжірибесінің көмегімен жоғары қызметке аз уақыт ішінде тағайындала алуында деп түсіндіреді.

Сәкен Мәжінбеков, М.Әуезов атындағы ОҚУ Саясаттану кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымдарының кандидаты:  «Қазіргі таңда барлық саланың мықты саяси элита қалыптастыру бағытындағы осы кадрлық қажеттілікке байланысты жастардың арасынан өте лайықтыларын таңдап алу. Сондықтан мен ойлаймын, мұның маңыздылығы өте жоғары.  Жастарға айтар едім, мұндай мүмкіндікті жіберіп алмау керек. Міндетті түрде қатысу керек. Өз өзіңізді сынаңыз, өзіңіздің қандай деңгейге дейін барлық уақытта алға қарай ұмтылу керек. Суворовтың айтатыны бар ғой, «генерал болуды армандамаған солдат, солдат емес» деген. Сол себептен жоғары жаққа шығудың осындай әлеуметтік лифтілердің өз мүмкіндігіңізге пайдалана отырып, алға қарай ұмтылсаңыз өте жақсы. Өмірдің өзінде осы жағдайға бейімделе алатын жас кадрлардың керектігі аса қатты сезіліп тұр».

Аталған кадрлық іріктеулердің есебінен сан түрлі жоғары лауазымды қызметтерде сауатты, еңбек тәжірибесі мол жас еңбек етушілердің саны артпақ. Қазіргі уақытта жобаның арқасында іріктелуден өткен 350 адамның 264-ы қызметке орналасқан. Әр 2 жыл сайын Президенттік жастар кадр резервіне үздік 50 кандидат қабылданады. Ол ағымдағы жылдың 25 желтоқсанына дейін өткізіледі деп жоспарлануда.