Жылыжай шаруашылығын субсидиямен қамтамасыз ету мәселесі талқыланды

40

Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігі Сауда комитетінің төрағасы Айдар Әбілдабековтың төрағалығымен Түркістан облысы мен Шымкенттегі жылыжай шаруашылықтарының мәселесі талқыланды. Келелі жиынға Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігінің, Түркістан және Шымкент жылыжай егелері мен бағбандары қауымдастығының өкілдері, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Тұрғанбек Оспанов, Техникалық реттеу және метрология Комитетінің Түркістан облысы бойынша департаменті басшысы Қанат Қабылбеков сонымен бірге шаруа қожалық төрағалары да қатысты.

Еліміздегі жылыжайлардың басым бөлігі Түркістан облысында орналасқан. Еліміздегі жылыжайлардың 71 пайызы өзіміздің өңірде. Қызанақ, қияр, болгар бұрышы, асхана асқабағынан бастап гүлге дейін өсіріледі. Еліміздің басым аумағын негізінен түркістандық жылыжайда өсірілген өнімдер қамтамасыз етеді. Жылыжай шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлер аталған салада табыс бар болғанымен, түйіні тарқатылуы тиіс мәселе де жоқ емес екенін жасырмайды.

Былтырғы жылдың аязында аймақтағы көптеген жылыжай шаруашылықтары біршама шығынға ұшыраған болатын. Сол қиын уақытта кәсіпкерлердің басты мәселесі көмір болды. Яғни ауа температурасы минус 25-30 градусқа дейін төмендеген кезде көптеген жылыжайларда жылытуға отын жетпей қалған болатын. Осы мәселені шешіп беруді айтып шаруалар тиісті органдарға шыққан болатын. Осыған орай, Сауда комитетінің төрағасы алдымен биылғы жылы шаруашылықтарды көмірмен қамту бойынша атқарылатын жұмыстарға тоқталды. Мүмкіндігінше жылыжай шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлердің мәселесін бірінші кезекте шешілуі тиістігі айтылды. Бұдан бөлек, шаруалар мемлекет тарапынан субсидия берілуі қажеттігін де айтып отыр. Аталған мәселеге Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігініе қарасты өсімдік шаруашылығы департаментінің өкілі Ерсайын Досымбетов жауап берді.

Жиын барысында Түркістан облысына қарасты Қазығұрт ауданының жылыжай шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерінің мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Биыл Қазығұрт ауданында 92 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Ауданда 181 гектарда жылыжайлар орналасқан. Жыл жылжыған сайын жылыжай көлемі де, онда өндірілген өнім көлемі де артып келеді. Қазығұрттық жылыжайшылар расында субсидияның шаруашылыққа аса қажет екендігін алға тартты.

Жиын барысында Түркістан облысы және Шымкент қалалық жылыжайшылар мен бағбандар қауымдастығының төрағасы Сәкен Қаныбеков қауымдастық атынан Сауда комитетінің төрағасы Айдар Әбілдабековқа бірқатар ұсыныстарын білдірді. Соның негізгісі жылыжай шаруашылықтары шығынының 20-25 пайызы кемінде жылына бір мәрте мемлекет тарапынан өтеліп берсе деген ұсыныс болып отыр. Төраға аталған мәселе назардан тыс қалмайтынын жеткізді. Тиісті шаралар атқарылса аталған мәселенің түйіні тарқатылары анық.