Мектеп басшылығы мұғалімдерді сенбілікке шақыруы қаншалықты заңды? Егер педагог тазалық шарасына қатысудан бас тартса, жауапқа тартыла ма? Бұл сауалды редакция оқырманы жолдады.
Редакция заңгері Венера Нұрғалиқызының айтуынша, тек ұстаздар емес, жалпы кез келген мекеме қызметкерінің сенбілікке шығуы — өз еркі. Яғни, қоғамдық жұмысты атқаруға және тазалық жұмыстарын жүргізу — сіздің таңдауыңыз. Ал оған қатыспағаныңыз үшін басшылық тараптың сізді тәртіптік жазаға тартуға құқығы жоқ.
«Еңбек кодексінің 85-бабы 1-тармағына сәйкес демалыс, мереке күндері жұмысқа шығуға сіздің жазбаша келісіміңізбен және өтінішіңіз бойынша жұмыс берушінің актісі негізінде ғана жол беріледі. Егер осындай жағдайлар орын алып жатса, сіз өз тарапыңыздан кәсіподаққа арыздансаңыз болады. Әрине, ол үшін сіз еңбек ететін мекеме мен кәсіподақ арасында келісім болуы керек немесе жергілікті еңбек инспекциясына шағымданыңыз»,-деді заңгер.